Бас тақырыпЖаңалықтарРесми

Мемлекет басшысы ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі. Форумға жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары, сарапшылар қатысқан. Алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланды.

Cуреттер Ақордадан

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің әлем өркениетіндегі орны айрықша екенін атап өтті.

– Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады, – деді Президент.

Сонымен қатар, Президент бұл басқосудың ел тәуелсіздігінің мерейтойымен тұспа-тұс келуіне ерекше тоқталды.

– Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр. Биыл Қазақстанның дербес мемлекет болғанына – 35 жыл. Еліміз қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерейлі межесіне халықаралық беделі биік, экономикалық әлеуеті зор, болашағы жарқын ел, сондай-ақ аймақта көш бастап тұрған және дүние жүзінде жаппай мойындалған озық мемлекет ретінде жетіп отыр. Халқымыз осы жылдар ішінде көптеген белесті табысты еңсерді. Біртұтас жұртымыздың бірлігі күшейіп, мемлекеттігіміз нығайды. Осылайша, Ұлы даладағы бірегей өркениетіміз қайта жаңғырды. Соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Бұл да – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға. Аталған өзгерістер тұтас халқымыздың өміріне, бүкіл қоғамның болмысына оң ықпал етуде десек, артық болмас, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі басымдықтар мен конституциялық жаңғырудың мән-маңызына да тоқталды.

– Енді алдымызда тұрған мақсат – шын мәнінде айбынды. Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық, соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады. Біз жасампаз әрі жаңашыл ұлт ретінде түбегейлі жаңғыру жолына бет бұрдық.

 

Реформаларымыздың ең басты бөлігі, бұл – Конституцияның қабылдануы. Азаматтарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Конституцияда еліміздің мақсат-мұраты мен болашақтағы бейнесі айқын көрініс тапты. Қазақстанның Егемендігі мен Тәуелсіздігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қастерлі құндылығы деп танылды.
Қоғамда Заң мен Тәртіпті орнықтыру, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру бұлжымас қағидат ретінде бекітілді. Адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық міндет деп белгіленді, – деп атап өтті Президент.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button