1,5 миллионнан астам кітап оқылды

Ұйымдастырушылар қатысушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін арнайы марапат жүйесін енгізді. Әр бес кітап оқыған адамға «Талапты оқырман» қола белгісі беріледі. Сонымен қатар жеке кабинеттен жетістігін растайтын сертификатты жүктеп алуға болады.
Келесі марапаттар да оқылған кітап санына байланысты. 10 кітап оқығандар «Жігерлі оқырман» күміс белгісіне, ал 15 кітапты аяқтағандар «Зерделі оқырман» алтын белгісіне ие болады.
Қола белгі иегерлерінің қатарында Қарағанды және Түркістан облыстарынан «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша қатысқан ұстаздар да бар. Екеуі де бес кітап оқып, ең жоғары 1750 ұпай жинаған.
Теміртау қаласындағы «Бірінші Теміртау классикалық лицейінің» бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Мининкова марафонның оқушыларға да әсер еткенін айтады.
– Мұғалімнің өзі кітап оқыса, балалар мұны көреді. Оқушыларым қазір қандай кітап оқып жүргенімді сұрап, өз кітаптарын әкеледі. Қола белгі – күміс белгіге жетуге жақсы ынталандыру, – дейді ол.
Ал Түркістан облысы Созақ ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің география пәні мұғалімі Сәуле Ерманова марафонның кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруға көмектескенін жеткізді.
– Күнделікті жұмыста кітап оқуға әрдайым уақыт таба бермейсің. Марафон оны әдетке айналдыруға көмектесті. Мен қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқимын. Ал география сабақтары кітаптардан алынған жаңа мысалдармен толыға түсті, – дейді ұстаз.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



