Ресми

Жезқазған «жақындайды»

«Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізі еліміздегі логистика үшін маңызды жобалардың қатарында саналады. Көптен күткен «Қарағанды-Балқаш» аралығындағы жол құрылысы аяқталуға жақын. 372 шақырымы ел игілігіне берілді. Көлік жүргізушілері тек, бес тұстан айналып өтуге мәжбүр. Бұл айналмалардың жалпы ұзындығы – 2 шақырым. Құрылыс биыл толық тәмамдалмақ. Сондай-ақ, Жезқазғанға қарай төрт жолақты жол құрылысы басталады.

Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожановтың айтуынша, «Қарағанды-Қарқаралы» жолының 44 шақырымы жөнделеді. Бүгінде мердігерлер белгілі: 34 шақырымы – «Қарағанды жолдары» ЖШС-не, 10 шақырымы – «Райс кз» ЖШСне тиесілі.

Кетеуі кеткен «Қарағанды-Жезқазған» автожолының да жағдайы биыл жақсарып қалмақ. Бүгінде жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Биылғы жоспарға Жаңаарқадан Қарағандыға қарай 40 шақырым енген. Төрт жолақты жол тұрғызылмақ.

Сонымен қатар, Ақтас кенті тұсынан өтетін теміржол үстінен автокөлік өткелін тұрғызу қарастырылуда.

Былтыр облыс аумағында «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру арқылы 1374 шақырымға жуық жол жөнделді.

Биыл жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу іс-шарасы шеңберінде 734 шақырым қамтылады. Оның ішінде, облыстық маңыздағы 317 шақырым жол бар. Төрт көпір мен ұзындығы 103 шақырым болатын алты учаскедегі реконструкция жұмыстары жалғасады. 195 шақырымдық 9 учаскеде орташа жөндеу жүргізіледі.

«Қарағанды-Саран-Шахтинск» автожолындағы күрделі жөндеу жалғасады. Биылғы жоспарға 19 шақырымы енгізілген.

Абай ауданында ой-шұқыры көп 21 шақырымдық «Жартас-Долинка» учаскесіндегі жаңғырту шаралары жалғасады. Шерубай-Нұра өзенінің үстіндегі көпірді жөндеу басталады.

Бұқар жырау ауданында «Новодолинка-Шахан-Молодецкое» бағытындағы жолдың 17 шақырымын жөндеу жұмыстары аяқталады. «ДорСтрой LTD» ЖШС-нің міндетінде абаттандыру шаруасы қалды. Осы учаскеде екі көпірдің реконструкциясы жалғасады. Бұл көпірлер Нұра және Соқыр өзендері үстінде жатыр.

«Осакаровка-Молодежное» жолының 16 шақырымы жөнделеді.

«Нұра-Осакаровка» аралығындағы жолдың 20 шақырымын келесі жылы тәмамдау жоспарда тұр. Нұра кентінен Шахтер ауылына баратын 20 шақырымдық жол реконструкциясын аяқтау келесі жылдың еншісіне қалады.

Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 195 шақырымды құрайтын 12 учаске орташа жөндеуден өтеді. Олардың үшеуі өткен жылдан ауысса, тоғыз жоба жаңадан түзілген.

Облыста аудандық маңыздағы, елді мекендер ішіндегі 417 шақырым жол жөнделеді.

– Қарағанды қаласы бойынша 79 шақырымға жөндеу жүргізу қарастырылған. Орташа жөндеумен қаланың қосымша 50 көшесі қамтылады. Мұндағы қашықтық – 72 шақырым. Сондай-ақ, 20 шақырым жолды тегістеп, бейімдеу үшін қаржы бөлінді, – дейді Мақсұт Жолдыбайұлы.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы төрт ауданда жүзеге асады. Жоба қолға алынған 2019 жылдан бері облыста 278,8 шақырым жол жөнделді. Биыл жоба 22 ауылдағы 152 шақырымды қамтиды.

Жол-құрылыс маусымына 4 мыңның шамасында техника, 7 мыңнан астам еңбек күші қатысады деп күтілуде. 6,5 миллион тонна қиыршық тас, 195 мың тонна битум және 60 мың тонна цемент қажет.

Құрылыс маусымына Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Қарағанды филиалы, авторлық және техникалық қадағалау қызметтері, зертханалар бақылау жүргізеді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button