“Жетісуды” жерге қаратты
Сенбі күні «Шахтер» «Жетісуды» тас-талқан қылды. ХХХІ тур шеңберінде Қарағандыға келген талдықорғандық клуб «Шахтерден» 4:1 есебімен күйрей жеңілді.
Алғашқы голды Юлиус Сзоке салды. 12-ші минутта Деслей Уббник қарсыластардың айып алаңына доп көтерді. Осы допқа Сзоке иелік етіп, қақпаға дәл бағыттады. 1:0.
Бірінші тайм тәмамдалар тұста Мақсат Байжанов «Жетісудың» қақпасын екінші болып бағындырды. Марко Симоновскидің пәрменімен Шабанов қақпаны тастап шықты. Осыны пайдаланған Симоновски Байжановқа пас шығарды. Өз кезегінде Байжанов мүмкіндікті мүлт жібермеді. Сөйтіп, 43-ші минутта есеп 2:0-ге жетті.
Бұдан кейін Уббник пен Байжанов бір-бір голдан соқты.
Ойын қарқыны төмендеген екінші таймның 69-шы минутында Уббник Шабановты қапы қалдырды. 3:0. Ал, 88-ші минутта Байжанов дубльдің авторы атанды. Талдықорғандық қақпашымен оңаша қалған Мақсат допты оның ту сыртына асырып жіберді. 4:0.
Матчтың қосымша уақытында «жетісулықтар» таблодағы есепті өзгертуге мүмкіндік алды. Оң қапталдан жеткен шабуылды Максим Азовский сәтті түйіндеді. 4:1.
Қарағандыдағы жеңістен соң «Шахтер» 8-ші сатыға көтерілді. Енді, бір ойын қалды. Соңғы матчты «Шахтер» Таразда өткізеді. 29 қазан күні жергілікті «Таразбен» ойнайды.
Нұрқанат ҚАНАФИН