Руханият

Жетісудан жүлделі оралды

Талдықорған қаласында белгілі композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына арналған ІІ республикалық «Сәйгүлік» әншілер байқауы өтті. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен өнер бәйгесінен жерлестеріміз олжалы оралды.

Мұратхан Егінбаевтың қазақ мемлекеттілігі, Алаш ардақтылары, саяси қуғын-сүргін құрбандары тақырыбына арналған «Үш арыс», «Қаракерей Қабанбай», «Ақ қайың» сынды әндері кеңінен танымал.

Байқауға Астана, Алматы қалалары мен Абай, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Жетісу облыстарының өнерпаздары сазгердің әндерін тамылжыта орындап, бақ сынасты. Әншілерді Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі сүйемелдеп отырды.

Байқау қорытындысында үш аталым бойынша жүлдегерлер анықталды. «Дәстүрлі ән» номинациясында I орынды қарағандылық Шыңғыс Сәрсенбай иеленіп, Арқа жұртының мерейін тасытты.

Ал, оркестрдің көмегімен өнер көрсеткен жерлесіміз Гүлмира Тапай мен астаналық Белал Қуаныш II орынды бөлісті.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық, сертификат және дипломдар тапсырылды. Барлық қатысушыға композитор Мұратхан Егінбаевтың қолтаңбасы қойылған таңдамалы шығармаларының жинағы мен Алғыс хаттар берілді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button