Руханият

Жерлестеріміз Семейдегі жарыста жүлде алды

Семей қаласында зағип өнерпаздар арасында өткен «Екі жұлдыз» VI республикалық ән байқауынан жерлестеріміз жүлделі орын алды. Қарағанды облысындағы Зағип және нашар көретін жандардың көркемөнерпаздар үйірмесі байқауға үш дуэт дайындаған еді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Байқау жыл сайын көру мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған вокалдық дуэттер арасында өтеді. Оған Қазақстанның әр аймағынан әуесқой орындаушылар қатысады. Биыл Алматы, Ақтау, Түркістан, Шымкент, Өскемен, Семей, Павлодар және т.б. қалалардан 17 шығармашылық жұп бақсынады.

Қарағанды облысынан 3 дуэт: Эмина Высочинская мен Фарида Бекмағамбетова, Ольга Лингерт пен Наталья Соколовская (екі жұп та Қарағанды қаласының Зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениет үйінен) Аямгүл Қуанғанқызы және Сұлтан Мұрат (Абай қаласыаудандық мәдениет үйінен) қатысты.

Кәсіби музыканттар мен әнші-режиссерлер қазылық еткен жарыста Эмина Высочинская менФарида Бекмағамбетова дуэті 3 орын, Ольга Лингерт пен Наталья Соколовскаяның дуэті – 1 орынға лайық деп танылды.

28 қыркүйек күні Кеншілер мәдениет сарайында байқау жеңімпаздарының қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп, жеңімпаздар  байқаудағы, Семей қаласындағы тарихи орындарды аралаған сәттегі әсерлерін айтып берді. «Мұндай байқаулар бізді алға жетелейді,  адамдармен танысамыз, кәсіби музыканттардың кеңесін аламыз», – деген олар келесі жылы да байқауға қатысатынын жеткізді.  

Айта кетейік, әншілер байқауда қазақ вальсінің королі атанған, композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», «Әнім сен едің» және Жақып Нұрмұхаммедтің репертуарындағы «Отан», орыс халқының халық әні «Самара городок» әндерін орындады.

Назым ДҮТБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button