Жерлестер жеті медаль олжалады
Астана қаласында бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Ал, Ұлттық құрама сапында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, жеті медаль жеңіп алған қарағандылық боксшылар жеңіске үлкен үлес қосқанын атап айту керек.
Аталған құрлық біріншілігіне 26 мемлекеттің 500-ден астам былғары қолғап шебері қатысты. Оның ішінде әр салмақ дәрежесінде бағын сынаған ұлдар мен қыздар бар.
Осындай бәсі биік, тартысқа толы спорт бәсекесінен Қазақстан құрамасы 11 алтын медаль жеңіп алып, өзінің басты бәсекелесі – Өзбекстан (жеті алтын медаль) мен Үндістанды (бес алтын медаль) шаң қаптырды. Қытай мен Иран елдерінің қоржынында бір алтыннан.
Нақтырақ айтсақ, командалық есепте Қарағанды облысының құрамасы Қазақстанның барлық облыстары арасында төрт алтын, екі күміс және бір қола жеңіп алып, бірінші орынға көтерілді. Мұнымен қоса, еліміздің бірінші орынға жетуіне айтарлықтай үлес қосты. Бұл туралы аймақтағы Бокс федерациясының жауапты мамандары да атап айтты.
– Чемпионаттағы бәсекелестік өте жоғары болды. Барлық елдің құрамалары мығым дайындықпен келіпті. Әсіресе, өзбек ағайындар мен Үндістан спортшылары босаңсуға мүмкіндік бермеді. Үнді елінің спортшылары әйелдер боксында өз мектебін қалыптастырып келе жатыр. Олармен жекпе-жек оңай болған жоқ. Біз жеті адамды алаңға шығардық. Олардың барлығы жақсы өнер көрсетті. Бәрі қоржынға медаль салды. Қол жеткен нәтижеге өте қуаныштымыз. Әрине, біріншілікке апарған боксшыларды өз салмақ дәрежесінде дұрыс таңдаған екенбіз. Мұны нәтижеден көруге болады. Жаттықтырушылық жұмыс та аса маңызды. Өткен жылдың күзінде барлық аға жаттықтырушыны ауыстырдық. Олардың да елеулі еңбегін атап өткен жөн. Болашақта да нәтижелер дәл осындай жақсы болады деп үміттенеміз, – дейді Қарағанды облысы бокс федерациясының президенті Самат Адхам.
Алексей Хаванцев, Аяжан Ермек, Гүлнар Тұрапбай және Жасмин Қизатова Азия чемпиондары атанды.
Күміс медальді Нұрпейіс Иманғали мен Анита Адишева жеңіп алды. Расул Асанханов қола жүлде иеленді.
– Мен 70 келі салмақ дәрежесінде екі кездесу өткіздім. Бірі – өзбек, екіншісі үндістандық боксшы. Екеуін де жеңіп, Азия чемпионы атандым. Өзбек боксшысымен өткен кездесу қиын болды. Өйткені, кезек күтіп, шаршаңқырап қалдым. Десе де, барымды салып, үш раунд бойынша ұпай санымен жеңдім. Ал, финалдық кездесуде сол деңгейден түспедім. Былтыр да Тайландта өткен Азия чемпионатында топ жарғанмын. Бапкерім Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстың әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалинге алғысым шексіз. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің I курсында оқимын. Қазір оқу-жаттығу жиынына дайындықты бастадық. Алдағы уақытта бапкеріміздің жетекшілігімен Түркияға сауықтыру жиынына барамыз. Алда тағы Азия біріншілігі, одан кейін Әлем біріншілігі тұр, – деп атап өтті Жасмин Қизатова.
Қазір боксшылар Әбу-Дабидегі бокстан Азия чемпионатына дайындалып жатқанын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, Қарағанды боксшылары биыл күзде өтетін жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz