Қарағандылық спортшылар V Пара Азия ойындарынан 8 медальмен оралды
Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Пара Азия ойындары өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада қарағандылық 10 параспортшы спорттың үш түрі бойынша бақ сынап, ел намысын қорғаған. Нәтижесінде, жерлестер ел қоржынына 1 алтын, 5 күміс және 2 қола жүлде салып, олжамен оралды. Одан бөлек, 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына жерлестер үш бірдей лицензия жеңіп алды.

Байрақты бәсекеде топ жарып, жеңіспен оралған жерлестерді Қарағанды теміржол вокзалынан туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт сүйер қауым ыстық ықыласпен қарсы алып, зор сый-құрмет көрсетті. Тосып алу рәсіміне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Әшірбек арнайы қатысып, спортшылар мен олардың бапкерлерін жарқын жеңісімен құттықтады.

Аймақ спортшыларының ішінде ең көп жүлде пара жүзу спортынан қоржынға түсті. Команда көшбасшысы Диас Кенжебек 100 метрге арқамен жүзу сынында қарсылас шақ келтірмей І орынды иеленді. Әрі осы бәсекеде Азия рекордын жаңартып, Паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды. Сондай-ақ, Диас 200 метрге кешенді жүзу және 100 метрге еркін әдіспен жүзу бәсекесінде ІІ орыннан көрінсе, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде қола жүлдеге қол жеткізді.

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бар күш-жігерімізді салып өнер көрсеттік. Қарсыластарымыз да оңай шағылар жаңғақ емес. Десе де, осы додадан төрт бірдей медаль еншілеп қайттым. Осы төртеуінің ішіндегі алтын медаль – мен үшін ең қымбат, ең ыстық марапат. Бұлай бағалауым оның түсі мен салмағында емес. Осы күнге дейін жүріп өткен соқтықпалы жолымның, бастан өткерген қиын-қыстау кезеңдерімнің өтеуі деп білемін. Осы алтынға қарасам, маңдай тер мен жылдар бойғы қажырлы еңбегім көз алдыма оралады. Жылдар бойғы төгілген тердің жемісін енді көріп жатырмын десем, артық айтқаным емес. Жүлделі орындардан көрініп қана қоймай, Азия рекордын жаңартқаныма шексіз қуаныштымын. Енді Паралимпиада ойындарына дайындалу қажет, –деді Диас Кенжебек.

Сонымен қатар, тәжірибелі спортшы Наталья Звягинцева 4х50 метрлік кешенді эстафетада және 4х50 метрлік еркін стилдегі эстафетада қос күміс медальді еншілесе, Роман Потапов 100 метрге арқамен жүзу қашықтығында мәре сызығын үшінші болып кесіп, екеуі де Паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Ал, 100 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түскен Андрей Афанасьев үздік бестікке енді.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



