Жерлесіміз топ жарды

         Ағылшын орфографиясын жетік меңгерген Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың IV курс студенді Меруерт СОВЕТ – АҚШ Елшілігі мұрындық болған Астанадағы «Kazakhstan Spelling Bee 2018» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Әлем мойындаған жаһандану тілінде жақсы сөйлейтін Меруерт бұған дейін Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада елуге жуық қарағандылықтың арасында өткен «Spelling bee» іріктеу байқауының жеңімпазы атанған. Сөйтіп, республикалық сайысқа жолдама алған болатын. Таяуда Астанада өткен сайыста жерлесіміз топ жарып, қатарластарынан оқ бойы озық келді.

– Республика өңірлерінен 32 жас бақ сынады. Сайысқа ҚР Білім және ғылым Министрлігінің мамандары, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол төрелік етті. Ереже бойынша сахнада ағылшын тілінде сөз айтылады, қатысушы 2 минут ішінде сол сөздің әрбір әрпін еш қатесіз қайталауы тиіс. Қобалжып, бар болғаны бір қателікке бой алдырған үміткерге сайысты жалғастыру мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, қатысушы толық дайындықпен келуі тиіс. Ал, Меруерт сайысқа әзірлігін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – Қарағанды облысы, жалпы республика үшін зор абырой, – дейді жеңімпаздың жетекшісі, Қарағандыдағы Америка бұрышының үйлестірушісі Айнұр Мағауияқызы.

Ал, Меруерт болса, мамандығы – аудармашы болғандықтан, сайыстың аса күрделі болмағанын айтады.

Меруерт СОВЕТ, «Kazakhstan Spelling Bee 2018» республикалық байқауының жеңімпазы:

– Өзге тілде еркін сөйлеу – алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқарады. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Әрбір қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек» — деп айтқан еді. Сондықтан, тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдасы көп. Әрбір жас қазақстандық туған тілін білуге міндетті. Ал, басқа мемлекеттің алдында өз еліңнің дәрежесінің биік екенін мойындату үшін, шет тілін меңгеру артық болмайды.

Жалпы, АҚШ-та бастау алған бұл байқаудың әлемнің өзге елдерінде өткізіле бастағанына бір ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ал, Қазақстандағы байқаудың бір ерекшелігі – колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің қатыса алатындығында. Сондай-ақ, жастар арасында ағылшын тілі мен ағылшын мәдениетін насихаттау да назардан тыс қалмаған.

Меруерт қазіргі таңда 10 наурызда Алматы қаласында өтетін сайысқа дайындық үстінде. Азия елдері жастарының арасында Қазақстанның намысын қорғайды.

Суретте: 1. Меруерт Совет және АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол.

Аяулым СОВЕТ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.