Жерлес ағамыз «Жұлдызда»

      Алаштың ардакүрең ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ ағамыз республикалық «Жұлдыз» журналының Бас редакторы қызметіне тағайындалды.
Арқа жұртының ғана емес, Алаш мерейін асырып жүрген ақын бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыройлы атқарып келгені мұқым қазақтың есінде болар. Жерлес ағамыз онда да өрелі істер мен игі бастамаларды ұйымдастырып, ұйытқы бола алғанын қалай айта кетпейміз? Қазақ өлеңіне қосып жүрген үлесі өз алдына жеке әңгіме. Сондықтан, қазақ руханияты мен оған құзырлы орындағылар Алаш әдебиеті әлемінде өзіндік орнымен ерекшеленетін тарихи журналдың басшылық қызметін ақынға сеніп тапсырып отырса керек. Кезінде қойшылардың қонышынан бастап, академиктің үстелінен түспейтін, бүгінде көзіқарақты ел жаздырып алмай қоймайтын журналды шығарудың жауапкершілігі айтпаса да түсінікті ғой, әйтпесе. Туған елін тұма жырға бөлеген ардакүрең ақын ол үдеден де толығымен шығады деген сенімдеміз. «Жұлдыз» журналының Бас редакторы ғана емес, ақын ағамыз бұдан былай Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін қоса атқаратынын да естеріңізге саламыз. Іске сәт, аға! Қызмет құтты болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.