Ресми

Жергілікті өнім – қолдауға ие

Облыс әкімінің тапсырмасымен өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның отандық өнімдерді сатып алу жағдайына егжей-тегжейлі талдау жасады. Сондай-ақ, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК аталмыш кәсіпорынды отандық өнімдерге бет бұруға шақырды. Осыған байланысты жергілікті тауар өндірушілер облыс әкімдігінде кәсіпорын өкілдерімен арнайы кездесті.

Сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

– Бүгінгі күннің басты мәселесі – жергілікті зауыттардан шығатын өнімдерді жүйе құраушы ірі кәсіпорындарға өткізу. Қазірдің өзінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен жұмыс істеумен қатар, жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндіктері бар өндірушілер жеткілікті, – деді Жеңіс Қасымбек кездесу барысында.

Өнеркәсіп және индустриялықинновациялық даму басқармасы сатып алынатын 20 мыңнан астам тауарды зерттеген. Оның 3 422- сі қазақстандық болса, жергілікті жерден шығатыны – 703. Ал, 17 034 тауар шет елден әкелінеді. Талдау көрсеткендей, компания өткен жылы шетелден 70,3 млрд. теңгеге тауар әкелген. Облыста шығарылатын өнім небары 5,2 млрд. теңгеге сатып алынған. Компания қарағандылық кәсіпорынның тауарларын сатып алады делінгеннің өзінде, жергілікті өндірушілердің әлеуеті одан да жоғары. Облыста шығарылатын тауарларды «АрселорМиттал Теміртау» АҚ әлі күнге дейін шетелден алдырады.

Жергілікті тауар өндірушілері де кездесу барысында өз ойларын білдірді. Олардың сұрақтарына аталмыш компанияның өкілдері – атқарушы директор Вадим Басин мен директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Мохан Винит жауап берді.

Ал, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов болса, индустриялық сертификат иелеріне компанияның сатып алуларына қатысу кезінде жеңілдік беруге ұсыныс жасады. Ол жергілікті өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін металлургиялық кластер арқылы арттыруға болады дейді.

– Барлық мемлекетте отандық өнімге басымдық беріп, импортты алмастыруға тырысады. Егер шетелдік ұқсас тауар бізде шығарылса әрі оның бағасы мен сапасы сәйкес болса, біз жергілікті тауарды сатып алуды талап ететін боламыз. Қазақстанда жұмыс жасайсыздар ма, жергілікті өнімді алыңыздар. Артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button