ЖЕР-АНАНЫҢ ЖЕЗБҰЛАҒЫ
«Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс».
(Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.)
Биыл түсті металлургияның орталығы саналатын Жезқазған өндірісінің тарихы үшін айтулы кезең. Сарыарқаның сауыры, Ұлытаудың баурайы тұнып жатқан қазына байлығымен адамзат баласына ерте дәуірден мәшһүр болған екен. Зерттеуші ғалымдардың еңбегіне зер салсақ, адамдар қола дәуірінің өзінде осы өңірден миллион тоннадай мыс кенін өндірген көрінеді. Ал, өңірдегі алғашқы өндірістік мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі Н. Ушаков ашқан. Олай болса, үстіміздегі жылы Жезқазған кен орындарының игерілгеніне 170 жыл толады. Сонымен қатар, мыс алыбы «Қазақмыстың» өмірге келгеніне — 20 жыл. «Жезқазғантүстімет» АҚ акционерлік жалпы жиналысының шешіміне сәйкес 1997 жылдың 11 тамызында ежелгі комбинат «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ болып мемлекеттік қайта тіркеуден өтті. Жаңа атаудың да өз сыры бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан желкен керген корпорацияны «Қазақмыс» деп атау туралы ұсыныс білдіріпті.
Қаныш аға
ізі бар
Дала халқының абызы атанған Асан Қайғы туралы аңыз көп. Соның бірінде, жерұйықты іздеп Арқа шетіне іліккен көне философ: «ойпырмай, мына жерлер томпақ-томпақ төбе екен, төбенің асты жез екен»,-депті дейді. Бәлкім, Сарыарқаның құтты қойнауы содан былай Жезқазған аталды ма екен. «Жез» сөзі тас дәуірінен бұрын да қолданыста болған дейді кейбір зерттеушілер. Ал, тарихи деректерден бізге белгілісі, мысты өңірдің ғасырлар бойы тұнып жатқан қазына байлығы адамзат баласына сонау көне замандардың өзінде мәшһүр болған. Зерттеуші ғалымдар Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұлан, Н.Валукинский мен геолог С.Боллдың еңбектері мен деректеріне зер салсақ, адамдар қола дәуірінің өзінде осы өңірден миллион тоннадай мыс кенін өндірген көрінеді. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген Геродотқа сілтеме жасаған ғалымдар қазіргі Жезқазған жерін жайлаған сақтардың үлкен тайпасы ̶ массагеттер мыс пен алтын өндіруді игеріп, мыстан қару-жарақ жасағанын айтады. Ал, өңірдің табиғи байлығы жөніндегі көлемді ресми мәліметтер он сегізінші ғасырдың екінші жартысында қазақ жеріне жіберілген Ресейдің ғылыми-экспедициялық зерттеулері арқылы мәлім болған. Мәселен, Ресей императоры ғылыми академиясының арнаулы экспедициясын басқарып 1771-1772 жылдары қазақ даласын аралаған Н. Рычков өзінің «Күнделік жазбаларында»: «Ұлытаудан басталатын Ұлықарағай, Жыланшық, Кеңгір, Сарыкеңгір, Жезді кеңгір өзендері бойында ертедегі адамдардың қазған кен орындарынан алтын мен күмістің белгілері табылды»,- деп жазған екен. Кейін орыс көпестері бай кен орындарын иеліктеріне алғанымен ХХ ғасырдың басына дейін өңірде мыс өндіру дамымады. Ағылшын миссионерлері де осы өңірдің кен байлығына мұрттарын майлағысы келгені белгілі. Лондонда 1904 жылы құрылған ағылшын-француз іскерлерінің ынта білдіруімен 1904 жылы құрылған «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамының қолына көшкеннен кейін ғана Жезқазған қазба байлықтарын игерудің алғашқы қадамы басталды. Ағылшындар 1907 жылдан бастап алғашқы шахталарды қазып, одан соң 1913 жылы Қарсақбай зауытын салуға кіріседі. Олардың балқытуға дайындаған мыс кенінің көлемі 37500 тонна болған екен. Ағылшындар кен қойнауының тереңіне бойламай, мысы мол жерлерді ғана игерген. Жер-Ананың мол байлығын тереңдеп зерттеп, болашағын толық көрсете білу Қаныш Сәтбаев пен оның шәкірттерінің үлесіне тигені белгілі. Қазан төңкерісінен кейін істен шығып қалған бұл өндіріс орнын қалпына келтіруді кеңес өкіметі 1926 жылға қарай кеңінен қолға алған болатын. Сөйтіп, 1928 жылдың 19 қазанында Қарсақбай мыс қорыту зауыты кеңес заманының тұңғыш қара мысын берді. Бүгінгі еліміздің мыс алыбы «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік жолы да сол күннен бастау алады.
Қаныш Сәтбаев 1926 жылы Томск технология институтын бітіріп «Атбасартүстіметалл» тресінде инженер-геолог, бас геолог және Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы болған кездің өзінде-ақ, Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасаған болатын. «Қарсақбай — Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей-ақ Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады», – деген еді көреген ғалым. Айтса айтқандайын, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Сәтбаев есімімен тығыз байланысты болды. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді. Үлкен Жезқазған құрылысын бастауға, оны ұлғайтуға қарсы болғандардың бірі — Түстіметаллдар бас басқармасы басты себеп ретінде Жезқазғанды одақтық көлемдегі күретамырлармен байланыстыратын теміржолдың жоқтығын алға тартқан болатын. Бірақ, жол қатынастары Халық комиссариатының 1931 жылғы «Үлкен Жезқазған құрылысы үшін ең тиімді жоба оны салынып жатқан Қарағанды — Балқаш теміржолына қосу» деген техникалық-экономикалық сараптамасын алға тартып Қанекең де алған бетінен қайтпайды. Қаныш Имантайұлының 1934 жылы желтоқсанда Ауыр өнеркәсіп комиссары С.Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған туралы ақиқатқа көзін жеткізуі де бір үлкен әңгіме.
Бүгінгі Жезқазған қаласының іргесі 1936 жылы үш мың халқы бар Кеңгір елді мекенінің орнына тұрғызылған. Олай аталуы Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің қосылып, Кеңгірге айналатын төменгі ағысының осы жерден өтуіне байланысты. Әйтпесе, ертеде Бекболат ауылы жайлайтын бұл жер Наушабай аталған көрінеді. Кенді өңірдің кемел келешегін қапысыз болжаған Қаныш Имантайұлы отызыншы жылдардың басында-ақ бұл жерде үлкен өндірісті қала болатындығын білген ғой. Ол сол арманына жету үшін өндіріс көлемі жөніндегі деректерін талмай сараптап, тынымсыз еңбек етті. Сөйтіп, болашақ қала 1941 жылы Үлкен Жезқазған кенті деп аталды. Кеңгірдің сағасы бөгеліп, айдынды су қоймасы салынды. Ақыры көптен күткен күн де жетті. Жас қала қарыштап өсіп, қанаттанып жайнай түсті. Қала мәртебесін алған 1954 жылы 30 мың тұрғыны болса, Жезқазғанда қазір 90 мыңға жуық адам тұрады. Сөйтіп «бұл жерде қала болады», — деген Қаныш Имантайұлының арманы өмір шындығына айналды. Оның көшесінде ғұлама ғалымның жарқын ізі сайрап жатыр. «Жезқазған — Қазақстанның інжу-маржаны» деген теңеу де кезінде Қанекеңнің аузынан шыққан екен. Оның шындығында да солай екеніне бүгінде ешкім таласа алмайды. Асыл аға арманының жүзеге асуы да осы болса керек.
«Қазақмыстың» қарышты қадамдары
Алып компанияның өркен жайып, дамудың даңғыл жолына түсуі де Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен өзектес екенін айтпасқа болмайды. Қалың көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ, Тәуелсіздік туын тіккен тұста нарықтық экономиканың қиындықтары құрсауға ала бастаған болатын. Жоспарлы экономика тұсындағы қалыптасқан ежелгі байланыстар үзіліп қалған кезеңде қараңғыда қарманғандай күй кешкеніміз ақиқат. Осындай күрделі кезеңде Елбасы Н. Назарбаев отандық өндірістерді тұралатып алмау үшін шетелдік инвесторларды шақыру туралы шешім жасады. Үкіметтің шешімімен 1995 жылдың маусым айында «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі бес жылға Оңтүстік Кореяның «Самсунг» компаниясының басқаруына берілді. Сенімді басқаруға алған инвестор 200 млн. доллардан аса қаржы салып, аз уақыттың ішінде мыс өндірісін экономикалық дағдарыстан алып шықты. Жаңа басқарушылар бірден жерасты кеніштерін, мыс қорыту зауытын техникалық қайта жарақтандыруға мән берді. Кен өндіру мен өңдеудің озық технологияларын енгізді. Еңбекті ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіріп, шаруашылық жүргізудің экономикалық негіздерін іске қоса білді. Өндірісті басқарудың дамыған елдерге тән менеджменті игерілді. Акционерлік қоғам 1997 жылы «Қазақмыс» корпорациясы» атауына ие болды. Балқаш комбинатын да өз қанатының астына алды. Бес жылдан соң өндірісті басқару тізгінін толықтай өз қолына алып, отандық корпорацияға айналған «Қазақмыс» 2000 жылы өндіріс көлемін 1995 жылмен салыстырғанда үш есеге ұлғайтты.
Тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде Қазақстандағы алдына жан салмайтын ең ірі мыс өндіруші болып табылса, әлемнің осы саладағы көшбасшы он компаниясының бірі. Алып компаниядан енші алып, жеке құрылымға айналған «КАZ Minerals» өткен жылы іске қосылған Бозшакөл, Ақтоғай сынды кен өндірісіндегі жаңа жобаларды қарамағына алды. Ал, «Қазақмыс» негізінен Қарағанды облысындағы мыс өндірісі құрылымдарына басшылық жасауда. Қазірде оның қарамағында 10 кеніш, 5 кен-байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты және 2 көмір разрезі бар. Өткен жылдың қорытындысында корпорация өздері өндірген кеннен 220,8 мың тонна шақпақ мыс, 3323 кило құйма алтын алды. «Қазақмыс» сонымен қатар, әлемдегі ірі күміс өндіруші болып табылады. Өткен жылы 314,1 тонна тазартылған күміс өндірілді. Сондай-ақ, кәсіпорындары мен аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз ететін ішкі электр станциялары бар. Өзіндік теміржол инфрақұрылымдарымен де қамтылған. Корпорацияда бұл күндері 45 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Қала құраушы кәсіпорын ретінде «Қазақмыс» Жезқазған мен Сәтбаев, Балқаш өңірі тұрғындарының алаңсыз өмір сүруі үшін ауқымды жобалармен айналысуда. Үкіметтің Жезқазған-Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарында 88 шара белгіленіп, оны атқарып шығу үшін 351,5 млрд.теңге қарастырылса, осы қаржының 160 млрд.теңгесі «Қазақмыстың» есебінен болып отыр. Компания өңірдегі өндірістің ғұмырын 40 жылға ұзарту үшін айтарлықтай инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үстінде. Қаныш ағаның геологиялық картасы айқын барометр болуда. Жезқазған кен орнын ашып, ел игілігіне айналдыру жолындағы қазақтың асыл перзенті Қаныш Сәтбаевтың еңбегі өлшеусіз болғаны баршаға белгілі. Мәскеудің тапсырмасы бойынша Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасаған кезде Қанекең барлау жүргізілген аймақтан төрт-бес кен орындарын геологиялық картаға кіргізбейді. «Ондағы руда қоры өте тереңде. Қаржыны да, техниканы да көп қажет етеді. Толық пісіп-жетілмеген жерлерді картаға енгізуге әлі ерте», — дейді әріптестеріне. Ал, өзімен сырлас достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да керек емес пе»- деген екен. Ғұлама ғалымның сол еңбегінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр.
Осы жағдайға орай мыс компаниясы алдағы он жылдың ішінде атқарылатын басты жобаларын бағамдап, келешектің жаңа көкжиектерін белгілеп қойғанын сүйсініспен айтуға болады. Жаңа кен көздерін іздестіріп, игеру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғастырылуда. Онжылдықтың белесі 2017 жылдан бастау алады. Биылғы жылы Абыз, Шығыс Сарыоба кеніштерінде шахталық әдіспен кен алу көлемі ұлғаяды. Қарашошақта шахта салу жоспарланды. 2019 жылы Құсмұрын кенішінде ашық жолмен кен алынбақшы. Ал, 2021 жылға қарай тау-кен өндірісіндегі барлық жерасты жұмыстары аяқталып, оларда кен өндіру басталады. Жаман Айбат кен орнының екінші кезегіне бұрғы салынады. Корпорация 2022 жылы Батыс Сарыобадан да кен өндіруге кіріспекші. Компания әлемдік дағдарыс жағдайында да өндіріс көлемін кемітпей, сақтап қалды. Қазірде Жезқазған аймағы құрамы 1,41% құрайтын 400 млн. тоннаға жуық кен өндіріп отырса, Қарағанды аймағы орташа 0,79% құраммен 252 млн. тонна, Балқаш 0,99% мыс құрамымен 208 млн. тонна көлемінде кен өндіруде.
Өткен жылдағыдай емес, мыс бағасының әлемдік нарықта көтеріле түсуі де белгіленген межелердің бекемдікпен орындалуына жол ашуда. Дағдарыс салдарынан 2015 жылы өндірісті кеңейтуге 44,5 млрд. теңге ғана капитал жұмсалса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 115 млрд. теңгеге жетті. Жаңа жабдықтар алуға байланысты 2017 жылы 118 млрд. теңге күрделі қаржы жұмсалмақшы. Жалпы 2019 жылға дейін компания барлық жерасты техникаларының жабдықтарын жаңартуды көздеп отырған көрінеді. Жезқазған және Қарағайлы байыту фабрикаларына қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Үш жылдан кейін Жезқазғанда жаңа байыту фабрикасы іске қосылады. Өңірдегі кен өндірісінің ғұмырын ұзарту бағдарламасына сай аумағында пайдалы қазбалардың қоры бар Жезқазған кенті мен оның маңындағы Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді мекендерін көшірудің екінші кезеңі басталды. Үкімет бұл бағдарламаға қолдау білдірумен қатар, екі жылға салық төлемдеріне жеңілдік жасап, компанияның жаңа жобаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызуда. Бүгінде «Қазақмыс» инвестициялық жобаларын одан әрі сәтімен жалғастыруда. Жезқазғанда 2018 жылы гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы аяқталады. Онда құрамы кедей кен жаңа технология негізінде өңделеді. Тәжірибелік учаскедегі сынақ жұмыстары қазірдің өзінде аяқталуға жақын. Алдағы жылы гидрометаллургиялық әдіспен алғашқы катод мысы алынады деп күтілуде.
Иә, Жезқазған мысының шоғын үрлеп, от-жалынын лаулату арқылы шаңырағын тіктеген «Қазақмыс» қанатын осылайша кеңінен жайып келеді. Мысы балқыған, атағы шалқыған қаламыздың өркен жайып, даму жолы да осы түсті металлургия өндірісімен өзектес. Қазақтың мысы елдің ырысына әрдайым айнала берсін!
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.