Бас тақырып

Жер-Ана да аңсайды қамқорлықты

Осы біз Ұлыс күні үлкен бір ұлы іс бітіруді ұмытқандаймыз. Наурыз келдінің әу бастағы баламасы ол – тазару, жаңару емес пе еді? Он күндікпен атап өту жолға қойылды. Біз айтып отырған Наурызнамадағы «Тазару» ең соңғы күні, яғни 23 наурызда атап өтіледі. Бұл күні экосенбілікпен ғана шектелетінімізді ешкім жоққа шығара қоймайды. Ертедегідей жиылып барып, бұлақ көзін ашу, сай-сайға елмен бірге көшет отырғызу секілді Табиғат-анаға құрмет кем. Болса, тек науқандық сипат алды.

Сурет: monitorul.fisc.md сайтынан

Әлқисса

Біздің мұндағы айтқымыз келіп отырғаны ол – Наурызды тек ұлттық киім, ұлттық тағаммен шектемеу. Күн мен түн теңелетін бұл айда табиғаттағы барлық тіршілік иелеріне жан біте бастайды. Қыстың соңы, көктемнің басында жыл құстарынан хабар алады. Табиғаттың қайта түлеп, жаңаратын кезі. Демек, наурыздың о бастағы философиялық мәні де осында жатыр.

Қыр қызғалдаққа толып, бәйшешек бүрін жарып, жер жібекке малынғандай құлпыра түседі. Қар көбесі сөгіліп, сай-сала гүрілдеп суға толады. Осы бір шуақты мезгілде табиғаттың да адамзат баласынан сұрауы бар…

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлин «Наурыз» өлеңін «Өмірге жаңа жолдар ашатұғын, Жаңа жыл – бүгінгі күн, жаздың алды» деп бастайды. Яғни, табиғатты тазарту арқылы өзіміздің де тазарып, жаңа күннің шапағы сезілгенде жаңа жолдардың ашылатынын тегін ырымдамаса керек. Көктеммен бірге біз де жаңарып, көгереді екенбіз.

Бұлақтың көзін ашу көмескіленіп барады

Қарқаралы ауданы Матақ совхозының «Ақбұлақ» бөлімшесінде өмірінің көп бөлігін өткерген Кеңес ақсақал да осыны айтып, қамығады. Жер-Анаға деген ол кездегі елдің пейілін сағынады.

– Біздің өлке «Айнала бұлақ ба­сы тең» малға жайлы, құтты қо­ныс еді. Ұлыс келді дегенді естісек болды, еркек кіндікті бұ­лақ басында жиналатынбыз. Ол шақта бөлімше меңгерушісімін ғой. Мойнымда міндет көп. Алақандай ауылда қырыққа тарта бұлақ үлкенді-кішілі көл атаулысын лықа толтыратын еді. Жайылымдағы мал көл табаны аса сарқылып кетпесін деген жалғыз игі ниетпен күрек-кетпенімізді алып, бұлақ көзін тазалайтынбыз. Қайнарын лай басқан бұлақ тазарған соң түбінен мөлдір су жарықтық атқақтап шыға келетін-ді. Сол суға өзіміз де жуынып мәре-сәре боп жататын кез әлі есімде, – дейді ақсақал.

Ақбұлақ ауылынан әрменіректе Тәттімбет төбесі бар екен. Сол шоқының үстінде байыздап, шертпе күйдің күмбезі домбырасын қоңырлатқан деседі көнекөздер. Айналасы – нулы тоғай. Қазіргі «Жосалы» санаторийінің маңы. Ақсақал ол тоғайдың жайнап тұруы үшін маңайындағы өзен-көлдің де арнасын тазартқандарын есіне ал­ды.

– Балаларымыз да мұндай мұн­таздай қалыпқа көздері қанық­қан. Тазалық жұмысы біткен соң, бірді-екілі қайыңның «те­рісін» бәкімен тіліп, сөлін іш­кізетін едік. Ал қайырылған қабы­ғын табаға қант араластыра қуырып, сағыз жасап беретін едік. Қызмет бабында ауылдың геологиялық жағын көп зерттейтінбіз. Экологияға қарағанда геология деген сөзді көбірек айттық. Кеңес уақытында жер асты су мөлшерін жіті бақылайтынбыз. Сондықтан, заманымызда албаты тасқын да бола қоймайтын. Әгәрәки болса, алдын алып ауыздықтайтынбыз. Міне, біздің қоршаған ортаға деген қамқорлығымыз асылы осындай еді. Қарап отырамыз, қазір тек сенбілікпен ғана шектеліп жатады. Бұрынғыдай бұлақ көзін ашу ұмытқа айналды. Көшет отырғызу деген көшелі ғұрпымыз есеп үшін сияқты көрінеді маған. Оны күтіп, баптаумен айналысатын агрономдардың көмегіне неге жүгінбейді екен деген ойда қаламын, – деп тұжырды сөзін қария Кеңес Аманбаев.

Көшет отырғызу тек көрсеткіш үшін емес

Облыстағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы биыл мемлекеттік орман қорының 552,5 гектарына 1 млн. 272 мың ағаш көшет отырғыз­бақ. Мұның ішінде 532,5 гектарға 1 млн.183 мың қарағаш көшеті мен 20 га аумаққа 89 мың қылқанжапырақты кәдімгі қарағай көшетін егеді. Бұған бағытталатын қаржы көлемі 62 млн. теңгені құрайды. Мұны бізге Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің директоры Мақсат Мұқанов айтып отыр.

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде көшет отырғызуға қатысты бағыт-бағдар көрсетіп жүрген агроном Сәкен Сәбиденұлының мұндай мәселеге келгенде айтары көп. Табиғаттың тамыршысына айналған ағамыз Қарағандыда 1 млн. 800 мың ағаш барын, оның 5 мыңы апаттық күйде тұрғанын айтады.

– Бұл Наурыз – жаңарудың, та­зарудың айы. Яғни, өмірдің жаңаруын бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу ұйымдастырылады. Бірақ, Қарағанды өңірінде қардың көбесі сөгілген жоқ. Дегенмен, тамыры жабық көшетті топырағымен отырғызуға болады. Ескеретін ең басты жәйт, көшеттер міндетті түрде аймаққа бейімделген, стандартқа сай болуы керек. Және оны отырғызғанда барлық технологияны сақтау керек. Міндетті түрде мамандардың кеңесіне жүгіну қажет. Сонда ғана тамырланып өседі. Егер, бұл ескерілмесе онда бос әурешілік болады. Көшеттер тамырланбай, текке жерді қазып, топырақты бүлдіреміз. Қазып, топырағы бүлінген жер қайтадан қалпына келу үшін көп жыл қажет. Жер-Ананы босқа жараламайық, – дейді Сәкен аға Келдібаев.

Білікті агрономның ойлағаны жалқы игілік – қыруар қаржы құйып, отырғызған көшеттер жасыл желекке айналып, жайқалып өссе, қаланың шырайын ашса. Бірлесе жұмыс атқарудан да қашпайды.

– Қарағандыда соңғы бір-екі жылда көп ағаш өспей қалды. Неге десеңіз, өсіп кеткен материалды әкеп отырғызған. Сосын оның күтіміне қатысты да кемшін тұстар кетіп жатады. Қатты желден сақтау үшін оны байлаудың өзіндік технологиясы бар. Жөнді байламайды. Байлайтын жіптің астына резеңке орау керек. Әйтпесе, әлгі жіп ортаңғы діңі өскен сайын қалып қойып, қысып тастайды. Қазір бұл шаруа түзеліп келеді. Одан кейін дұрыстап суарылмайды. Күн ыстықта екі рет, аптасына бір рет су құюдың өзін ұмытып кетеді. Қылқанжапырақты ағашты суарғанда үстіне бүріккен оңды. Өйткені, олардың инелері жұқа, аптап ыстықта жылдам қурайды. Одан кейінгі мәселе, әр түрлі зиянкестерден қорғап, дәрі-дәрмек себу керек. Ол да ұмыт қалады. Ең көп жіберілетін қателік, қураған бұтақты дұрыс кеспейді. Тұқылын қалдырады. Ол ертең шіріп, ортасынан қуыс пайда болады. Содан кейін діңіне өтеді. Ағаштар діңінен шірісе, дауылда құлайды. Кескен жерін майлы бояу, әйтпесе арнайы жағатын маймен сылау керек. Ыстықта ылғал тиіп, қуыс пайда болмау керек. Осы секілді қағидаттарды ескерсе, Қарағанды жасыл желекке айналар еді. Және бірігіп жұмыс істеуге әркез әзір екенімді жеткізгім келеді, – дейді агроном.

Сөздің соңы

Бұдан біздің түйген ойымыз да – біреу. Табиғат-Анаға көрсететін құрметімізді науқандық сипаттан арылтып, шынайы жанашыр­лықпен жұмылсақ игі болар ма еді? Өйткені, Жер-Ана да қамқорлықты аңсайды.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button