Ресми

Санаға серпін берер төл мереке

Бастау-негізінде Табиғат-анамыздың мәңгі қозғалысы тұрған Наурыз мейрамын ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы тойлап келеді.

Сурет: kazakhstan3.com

Бұл өзінің ерекше мәні, өзіндік сәні, айрықша нәрі бар мереке.

Жасанды емес, саяси емес, діни емес, таза табиғи құбылыстардың үйлесімінен туындаған Ұлық мереке. Баршаға ортақ мереке. Күн мен Түннің теңелгенін, Жаңа жылдың келгенін паш ететін мереке. Санаға серпін беретін мереке. Сезімді селт еткізер мереке. Қозғалысқа бастау болатын мереке.

Бүгінде Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың жаңаша үлгісі қалыптасуда. Кең байтақ Ұлы атамекеніміздің шартарабындағы біртұтас қазақ барша салт-дәстүрінің шұрайлысын, мәндісін жинақтай әрі жарқырата көрсетуде.

Көптен бері бірін-бірі көрмеген жұрт құшақ жая қауышып, өзара көрісіп, ақ ниетпен амандасып, ежелден келе жатқан аңыз-әңгімелерін шертісіп, шежіре тарқасып, ою-өрнекті сәнді киімдерін киіп, көрші қолаң мен ағайын-туғанды аралап, хал сұрасып, жасанып, жасарып, жаңарып, білекті түріп тастап, қайнар-бұлақтардың көзін ашып, жас төлдерді өрбітіп, кәрі-құртаңды күнеске шығарып, бала-шағасын асыр сала ойнатып, үй іші мен қора-қопасысын тазартып, сүрін асып, бидай көжесін қайнатып, мәрт жомарттықпен дастарханын жайнатып, ақ батасын төгіп, емен-жарқын қауқылдасып тойлайтын мереке.

Бұл қар көбесі сөгіліп, құс келіп, ән салған, талдар бүршік жаруға бет алған кез. Табиғат-ана толғатар кез.
Биыл Қарағанды тарихында Наурыз ерекше тойлануда. Қаламыздың түрлі алаңдарында, сахналарында, үлкен ғимарат іштерінде шат-шадыман салтанатты іс-шаралар өтуде. Үлкенді-кішілі дүйім жұрт қызық-думанға бөленуде. Жасамыстар Күн шуағына жаурынын тосса, қызуқанды өнерлі өрендер сахнада жарқырай көрінуде.

Домбыра дауысы күмбірлеп, қобыз үні кернеп, сырнай сазы үрлеп, қос етек қыздар би билеп, бойжеткен мен бозбала табысатын кез.

Мыңдаған жылдар бойы табиғатпен ғажап үндестікте болып келген ата-бабаларымыздан жеткен осынау мереке жас ұрпақтың санасына сәулелі нұрын себуде.
Той құтты болсын!
Келіңіз, құшақ жая қауышайық, салтанатты тамашалайық, бай дастарханнан дәм татайық, ақ батаны аямайық, Ұлы істерге ат салысайық!

Болат КЕНЕЛҰЛЫ,
заң ғылымдарының кандидаты,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button