Жаңалықтар

Жемқорлықсыз әлем – жарқын әлем

Қарағанды экономикалық университетінде «Сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа» атты жастар форумы өтті. Қарағанды қаласының әкімдігі мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйымдастырған форумда «Адал жол» марафоны жолға шықты.

Қазір Қазақстан көлемінде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол» марафоны облыс орталығы – Қарағандыдан басталып отыр. Форум барысында Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина аталған марафон кітабын Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовке салтанатты түрде табыстады. Өз кезектерінде сөз алған екі әкім де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын тілге тиек ете отырып, өздері басшылық жасап отырған аудан, қалалардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніне тоқтала кетті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Талант Медет тақырыпты былай түсіндірді.

«Елбасы осы жолғы Жолдауында тиімді басқаруға көшу, барлық бизнес-процесстерді, соның ішінде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес және заң үстемдігін қамтамасыз етуді жалғастыру секілді дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын өзекті трендтерді тілге тиек етті. Аталған міндеттерді қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы қозғалысқа қатыстыру арқылы жүзеге асыруға болатындығы белгілі.

Осы мақсатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты шалғай аймақтарда да жүргізіп, онда қоғамды жаппай қатыстыру мақсатында Қарағанды облысында «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонын бастап жібердік. Марафон әртүрлі іс-шаралар нысанында өткізіледі. Ең бастысы, марафон іс-шараларының мақсаты қоғамдағы барлық топ өкілдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыруға бағытталуы тиіс.

Қарағанды қаласынан бастау алған марафон облыстағы қала, аудандардың бәрінде ұйымдастырылатын болады» деді ол сөзінде.

Сонымен қатар, форум барысында студенттер арасында күні бұрын жемқорлық тақырыбында жарияланған эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button