Руханият

Желаяқтар жолға шықты

«РУХАНИ KZ» танымдық керуені мен «Buketov runners» эстафеталық ультрамарафоншылары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының 300 жылдығына, Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған марафон көмбесінен аттанды.

Осынау ауқымды шараға мұрындық болған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма Төрағасы – ректор Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов рухани-танымдық сапармен жолға шыққандарға ізгі тілек жолдап, сәт-сапар тіледі.

Ала таңнан Е.Бөкетов университетінің «Жастар» алаңынан эстафеталық ультрамарафон желаяқтары «Қарағанды-Түркістан» бағытындағы 1300 шақырымдық жүгіруді бастап кетті.

 «Buketov runners» желаяқтар тобында 40-қа жуық адам бар. Айтулы ультрамарафонға өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жаяу жүгіру спортына қатысып, оны насихаттап жүрген белгілі тұлғалар шақырылды.

Бір қызығы зоология кафедрасының профессоры 66 жастағы Аманай Мырзабаев бүгінгі ультрамарафонға 5 шақырымды бағындыруды жоспарлай келіпті.

– Жаяу жүгіру адам баласына қай жаста болсын керек әрі пайдалы қозғалыс. Қан айналымының жеделдеуі, ішкен-жеген астың тарқауы және салауатты өмірдің басты факторының бірі осы жаяу жүріс пен жүгірісте. Марафон ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз, – дейді Аманай Мырзабаев.

Ал, Еренғайып Қуатайұлы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика бөлімінің 2001 жылғы түлегі. Журналист, заңгер. Астана, Қазан, Ыстамбұл, Бостон, Чикаго, Токио және осы сәуір айында Лондон марафонын жүгіріп өткен марафоншы. Каппадокия ультрамарафоны, Ирбис тау ультрамарафондарының жеңімпазы.

– 21 шақырымды жүгіріп, эстафетаны бастап береміз. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараны қолдау үшін Алматыдан арнайы келдік. Мен өзім әуесқой марафоншы ретінде жүгіруді 40 жасымда бастадым. 40 жасқа келгенде салмағым 90 келіден артық еді. Содан артық салмақты тастаймын деп осы жүгірумен айналысуды бастадым. Бүгінгі таңға дейін әлемдегі ең мықты марафонның төртеуін жүгіріп өттім. Жүгіру – менің негізгі ісім емес, хобби, салауатты өмір салтының айнымас бөлігі деп білемін. Біздің қарағандылық университеттің осындай үлкен игі шараны ұйымдастырып жатқаны қатты қуантады. Жалпы жүгіру деген көп адамдар түсінетіндей іс-әрекет, қимыл емес, мұның өз философиясы бар. Бұл – жігер, бұл – дисциплина, бұл – тәртіп, бұл – жеңіс, бұл – салауатты өмір салты, – дейді Еренғайып Қуатайұлы.

Расында, 2018 жылдан бері жүгіріп келе жатқан әуесқой спортшы бұл спорттың біраз қыр-сырын меңгеріп үлгерген. Оның негізгі рекорды – 2 сағат 48 минут. Алда марафоншыны Берлиндегі жарыс күтуде. Жобаға қатысушылар Қарағанды, Ұлытау, Қызыл­орда, Түркістан облыстарының тарихи-мәдени орындарына соғады. Сондай-ақ, жоба барысында Жаңаарқа ауданы, Жезқазған қаласының жұртшылығымен кездесуді, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің және Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесу, оқу орындары арасында қарым-қатынасты нығайту, дене тәрбиесі және спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өзара келісімге келу туралы меморандумға қол қоюды алға қойып отыр ұйымдастырушылар. Бір топ марафоншы енді 4 мамыр күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәресіне бірақ жететін болады.

Сонымен қатар, 4-5 мамыр күндері «РУХАНИ KZ» жобасы аясында университеттің оқытушылары мен белсенді студенттерінің қатысуымен тағы үш керуен жолға шығатын болады. Олар Қарағанды-Ақтоғай-Балқаш, Қарағанды-Павлодар-Баянауыл, Қарағанды-Ұлытау-Жезқазғанға жол тартпақ. Рухани-танымдық сапарды бастап бара жатқан университеттің профессорлары мен оқытушылары, тарихшылар, қоғам белсенділері. Олар керуеннің бағыты бойынша облыстар мен қалалардағы тұрғындармен кездесу ұйымдастырады.

Жан АМАНТАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button