Аймақ полицейлері Қарағандының барлық сауда үйлері, бағаналар, аулалардағы дүкендер мен дәріханаларда Майқұдықта жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрды деген күдікті Нұрболат Дәкебаев іздестіріліп жатқаны туралы хабарламалар ілді.
Полицейлер күдікті адамға 2 санаттағы іздеу жариялады. Бұл – ол аса қауіпті қылмыскер емес екенін білдіреді. Дегенменде бұл іс облыстық Полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Оның бұл әрекеті көпшіліктің наразылығын тудырды.
Қарағанды Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлері 1987 жылы туған Нұрболат Дәкебаевтың жүрген жері туралы мәлімет білетіндерді 102 немесе 8 (7212) 40 79 19 телефондарына хабарласуын сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz