Жаңалықтар

Жеңіске жігер танытты

         Кешегі көрсеткіш бойынша, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХIII қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан жарыс кестесі бойынша 25 орында тұр.

Өткен аптада ерлер арасында шаңғы акробатикасынан өнер көрсеткен отандасымыз финалдық кезеңге өтпей қалды. Бұл жарысқа еліміздің атынан Ильдар Бадрутдинов сынға түскен болатын. Ол дода барысында 89.18 ұпай жинап, 19-шы орынға табан тіреді.

Шорт-тректен 1500 метр қашықтықта жарыс жолына шыққан Ким Ионг пен Анастасия Крестова да алғашқы іріктеу кезеңдерінен сүрінді. Бұл жерде Анастасия Крестованы сүріндірген француз Вероник Пьеррон екендігі анық. А.Крестованы қағып кетіп, анық кедергі келтірді. Бірақ, қазылар өзгеше шешім қабылдады. В.Пьерронды емес, А.Крестованы жарыстан шығарды.

Трамплинде шаңғымен секіру сайысында отандасымыз Сергей Ткаченко екінші іріктеуден өтпей қалды. Жарыс барысында 73,5 ұпай ғана жинап, үздік 30 спортшының қатарына қосыла алмады. С.Ткаченко үлкен трамплиннен секіру сайысының алғашқы іріктеу сынында 70,9 ұпай жинап, екінші іріктеу сайысына өткен болатын. Өкінішке қарай, екінші іріктеуде жолы болмады.

Тау шаңғысы спортынан алып слалом жарысында бақ сынаған Игорь Закурдаев бар болғаны 51-ші орыннан ғана көріне алды.

Сондай-ақ, шаңғы жарысынан ерлер арасындағы эстафетадан Қазақстан құрамасы үздік ондыққа енді. Ел намысын Алексей Полторанин, Виталий Пухкало, Евгений Величко, Денис Волотка сынды спортшыларымыз қорғады. 10 шақырымдық қашықтықты Қазақстан құрамасы 1:36:36.3 уақытта жүріп өтті. Біздің эстафеташылар Олимпиада чемпионы атанған норвегиялықтардан 3 минут 14 секундтқа қалып, 14 ел ішінде 8-ші орын алды.

Конькимен жүгіру спортынан қатысқан жерлесіміз Екатерина Айдова 500 метрге жүгіруден жүлдеге қолы жетпеді. Е.Айдова жарыс жолын 38.96 уақытта аяқтады. Бұл көрсеткіш бар болғаны 21-ші орынға тұрақтауына мүмкіндік берді. Екатерина бұған дейін 1000 метрге жүгіруден – 24-ші, 1500 метрге жүгіруден 18-ші орын алған болатын.

Осылайша, бұл жарыста спортшыларымыз жүлделі орынға жете алмады. Әлі де жүлдеден үмітіміз бар. Оның ішінде, Алексей Полтораниннің Олимпиада жүлдегері атануына мүмкіндігі жоғары. Мұнымызды шетелдік мамандар да құптап отыр. Алексей Полторанин енді өзін Пхенчхан Олимпиадасында тағы бір рет сынайды. 24 ақпан күні ерлер арасында 50 шақырым қашықтықтағы масс-старт бойынша жарыс жолына шығады.

Сәттілік серік болсын!

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button