Жеңілгенмен, көш бастап тұр

Ел чемпионатының кезекті турында қарағандылық «Сарыарқа» өз алаңында Nomad Astana хоккей клубын қабылдап, 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

Қарағандылықтардың жеңіс жорығы осымен тәмам. Бұған дейін қарсыластарын ірі есеппен жеңіп жүрген жерлестер бұл жолы елордалықтардан айласын асыра алмады. Күні бұрын болған кездесуде де қарағандылықтар қарсыластарына есе жіберген.

Алғашқы таймның алғашқы минутында жерлестер есеп ашты. Гол авторы – Никита Клещенко. Араға жеті минут салып, жерлестер есепті еселеді. Бұл жолы Артем Расулов әріптесі Денис Чапоровтың берген пасын қақпаға бағыттап, шабуылды нәтижемен аяқтады. Осылайша алғашқы тайм 2:0 есебімен қарағандылықтардың пайдасына шешілді.

Бұл таймнан кейін қарағандылықтардың ойыны жүрмеді. Шабуыл әлсіреп, соққылары қақпаға дарымады. Осы бір сәтте астаналықтар өз пайдасына шешіп, 24-ші минутта есеп алшақтығын қысқартты. Гол авторы – Дмитрий Макеев. 44-ші минутта Максим Мухаметов есепті теңестірді. Үш тайм қорытындысы бойынша таразы басы тең болғандықтан, қос командаға қосымша минут берілді. Өкінішке қарай, жерлестер бұл уақытта қарсылас шабуылына төтеп бере алмады. Денис Недилько шешуші голды салып, командаластарын жеңіске жеткізді.

Жерлестер бұл кезеңде жеңілгенмен, турнир кестесіндегі өз орнын сақтап қалды. Қазіргі уақытта олардың қоржынында 62 ұпай бар. Ал, сырт алаңда жеңіске жеткен елордалықтар 51 ұпаймен жерлестерді өкшелеп келеді.