Тарих

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕН немесе «Қарағанды ісінің» құрбаны

Абдолла Асылбеков 1896 жылы Ақмола уезінің Нұра болысында, Құндызды өзенінің бойындағы Кеңқияқ алқабында, Қарасуда (қазіргі Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы Абдолла Асылбеков атындағы кеңшардың орталығы – Богучар селосының маңында) дүниеге келіпті. Ауылда ашылған бірінші басқыш татар медресесіне түсіп, 1913 жылы бітіріп шығады. 1914 жылы Қызылжарға келген Абдолла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне түсіп, оқиды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске араласады. Ақпан төңкерісінен кейін Сәкен Сейфуллинмен бірге Қараөткел (қазіргі Астана) қаласында, жергілікті жерлерде жастарды, жұмыскерлерді ұйымдастыру ісіне кіріседі.

1917 жылдан Қызыл гвардия отрядын ұйымдастыру жөніндегі Соғыс Советінің мүшесі. Советтердің азық-түлік комиссары. «Жас қазақ» ұйымының мүшесі. Ұйым мүшелері халық арасына еркін жетіп, онымен тілдесу, сырласу үшін «Айна» деген журнал шығарды, көп ұзамай «Тіршілік» атты газет дүниеге келді.

1917 жылдың мамыр айында жиырмадан енді ғана асқан Абдолла большевиктер қатарына еніп, өзінің бұдан былайғы тағдырын партиямен берік байланыстырады. Осы тұста Қараөткел атқару комитетінің мүшесі болды. Қазан төңкерісінен кейін Сәкен мен Абдолла әлеумет, саясат майданындағы күресті бұрынғыдан да күшейте түсті. Бірақ, 1918 жылы Ақмоланы ақтар қайта басып алды. Абдолла Сәкенмен бірге тұтқынға түсті. Қабырғасы сыз, табаны тас, қоңырсық иісті, қараңғы Қараөткел түрмесінде қара су мен қара нанды қалжау етіп, совдепшілер жеті ай жатты. 1919 жылдың қаңтарында оларды 500 шақырым Қызылжарға аяқ-қолын кісендеп, жаяу айдады. Қызыл шұнақ аяз бен бет қаратпас үскірікте 18 күн жүрген тұтқындар үсікке ұрынып, 23 қаңтарда әрең жетті.

Сонан соң Анненковтың «Өлім вагонына» қамап, оларды Омбыға, онан соң Семейге айдады. Онда да тұрақтатпай, қайтадан Омбыға әкелді. Суық вагонда 1,5 ай жүргенде 20 шақты азамат аштан өлді, үсіп өлді. Омбы лагерінде бұларды сүзек ауруы жайлады. Күрескерлердің көбі осында мерт болды. Абдолланың жаны осы дерттен зорға қалды. Сәкен түрмеден қашып кеткенде ол әл үстінде жатыр еді. Колчак құлардың алдында совдепшілерді Күншығысқа айдады. 1920 жылы Абдолла лагерьден қашып шығып, Қиыр Шығыстағы сарбаз әскерлерге қосылды. Сондағы азамат соғысына қатысты.

1921 жылы 21 наурызда А.Асылбеков Омбыдағы Сиббюроның қарамағына кірді. Ол оны Қызыл Армияның Петропавл, Ақмола, Көкшетау уездеріндегі контрреволюциялық көтерілісті басу жөніндегі штаб бастығының орынбасары етіп жіберді. Губком, Губревком мүшесі болып сайланды. Бұдан кейін ҚАССР Халық ағарту комиссариаты саяси ағарту бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Сол жылдың маусым айында Қазақ Республикасының сол кездегі астанасы Орынборда Қазақ облыстық (республикалық) партия ұйымының құрылтай конференциясы өткізілді. Қазақстандық коммунистердің осы тұңғыш басқосуында оған делегат ретінде қатысып, облыстық комитеттің мүшесі болып сайланды. 1922 жылдың ақпанында өткізілген облыстық екінші партия конференциясында ол облыстық комитеттің екінші хатшысы және РК(б)П ХІ съезіне делегат болып сайланады.

1922 жылдың соңына қарай Қазақ АССР-ның делегаты ретінде Советтердің Бүкілресейлік Х съезі мен КСРО Советтерінің бірінші съезіне (1922 жылдың желтоқсаны) қатысты («Ақиқат», 1992, №3, 52-бет). Абдолла өмірінің осы тұсы туралы С.Мұқанов кейін: «Коммунистер тобының ол кезде ең үлкен, беделді көретін адамдары Меңдешев Сейітқали мен Абдолла Асылбеков екен» («Есею жылдары», 1964, 23-бет) деп жазды. Әрі қайырымды азаматтың «ашаршылықта берген талқанының дәмі аузынан кетпей» жүргенін былай деп еске алды: «Мектептегі оқушылардың көбіне туысқан-туғандарынан жәрдем келіп тұрады. Менде ондай жәрдемші жоқ. Орынбордағы маған материалдық жағынан қарасатын жалғыз адам – Абдолла Асылбеков» (сонда, 25-бет), «менің әрі досым, әрі тәрбиешім А.Асылбеков» (99-бет).

Абдолла 1923-1926 жылдары Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылық академиясында оқыды. Халық комиссариатында басшылық қызметте жүрді, Қостанай ОАК төрағасы болды. 1928-1937 жылдарда Қазақстан ОАК хатшысы, Қарқаралы округтік, Қарағанды облыстық Советтері атқару комитеттерінің төрағасы, Қазақ ССР-і жеңіл өнеркәсіп халық комиссарының орынбасары, әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары болып қызмет істеді. Партияның ХІ съезіне делегат, Қазақ обкомының, Қазақстан өлкелік партия комитетінің, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылды.

А.Асылбеков мемлекет және қоғам қайраткері, өз кезінің саясаткері ретінде бірнеше салада ой толғап, пікір қалдырған тамаша публицист еді. Оның артында қалған әдеби мұрасының арасында күні бүгінге дейін зерттелмеген, жұрт аз білетін қоғамдық-саяси және ғылыми-көпшілік сипаттағы елуден астам еңбек бар. Ол баспасөзде ұлт саясатының партиялық, мемлекеттік шаруашылық және мәдени құрылыс мәселелері бойынша мақалалар жазды. Саяси-ағарту, республиканың партия ұйымдарын, совет және шаруашылық органдарын, халықтар достығын нығайту ісіне қызмет еткен оның бұл еңбектері күні бүгінге дейін тарихнамалық маңызын жойған жоқ. Қазақстанның онжылдық мерекесіне орай, 1930 жылы жазған «Ауылды советтендіру үшін» («За советизацию аула») атты кітабы екі тілде басылып шықты.

1921 жылдан 1922 жылға қараған қыстағы қазақ даласын жайлаған аштықты да Абдолла бар шындығымен көрсетті. Көз жасы көл болып сардалада сарнап жатқандарды:

«Ол шулаған – саған туған бауырлас,

Аштық қысып көзден аққан ыстық жас.

Ол – ұлтың ыстық қанға боялған,

Жеткіншегің, болашағың сенің, жас», – деп оларды ажал аузынан арашалап қалуға шақырды («Ақиқат», 1996, №2, 76-бет).

Орталықта басталған саяси «дауылдың» екпіні Қазақстанды да шарпыды. Осы үлгімен мұнда да «халық жауларын» – «ұлтшыл-фашистерді» әшкерелейтін ашық процестер ұйымдастырылды. 1937 жылы орын алған бұл «процестер» тарихта «Қарағанды ісі» деп аталды. Осы жылдың қарашасында Қарағандыда республикаға белгілі қайраткерлер А.Асылбековті, Н.Нұрмақовты, Ұ.Құлымбетовті, С.Сейфуллинді, Ж.Сәдуақасовты, Ж.Сұлтанбековті, М.Гатауллинді, Н.Нұрпейісовті қаралайтын «ашық сот процесінің» салдары ауыр болды.

Ноябрьдің 16-сы күні кешкі мәжілісте контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист зиянкес ұйымның сотқа тартылған мүшелерінен жауап алына бастады. Ең алдымен, айыпкер Нұрсейітовтен жауап алынды. 1935 жылы Қарқаралыға келген «ұлтшыл-фашист» Асылбеков қазақ халқына қарсы өзінің арам ойын іске асыру жөнінде адал көмекшісі Нұрсейітовті тапты… Бұл бандиттік ұйымның мақсаттары туралы айыпкер Нұрсейітов шімірікпестен былай деді: «Біздің мақсатымыз – Қазақстанда капитализмді қайта орнату. Қазақстанды Советтер Союзынан бөліп алу, ауылда байдың езушілігін қайта орнату болды».

Асылбековтің кімдермен байланысты болғаны туралы мемлекеттік айыптаушының сұрауына Нұрсейітов жауабында былай деді: «Асылбеков Нұрмақовпен және Рысқұловпен бірнеше рет кездесті. 1935-1936 жылдары жүздесіп жүрді. Олар біздің контрреволюцияшыл зиянкестік жұмысымызды мақұлдап отырды. Асылбеков контрреволюцияшыл центрдің Қарағанды облысындағы өкілі болды».

Соттың ноябрьдің 17-сі күні кешкі мәжілісінің қалған уақытында айыпкер Асылбековтен жауап алынды.

Председатель: Қарағанды облысында зиянкес ұлтшыл-фашист ұйымның қашан және қалай ұйымдасқанын, ол ұйым өзінің алдына қандай міндеттер қойғанын және сіздің рөліңіз қандай болғанын айтыңыз.

Асылбеков: Мен контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашист ұйымға 1934 жылдың басында кірдім. Бұл ұйымға мені Нұрмақов тартты.

Бұдан соң айыпкер Асылбеков сотқа өзінің Нұрмақовпен кездескенін және контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйым жаңадан Қарқаралы округі ұйымдастырылғанда өзінің жауыздық әрекеттерін күшейтіп жібергенін айтты.

Председатель: Егін шаруашылығына қандай зиян келтіргеніңізді айтыңыз.

Асылбеков: Егін шаруашылығында біз механизацияға қарсы болдық, біздер үшін трактор пайдасыз, жағармай алыстан жеткізіледі де, қымбатқа түседі деп сипаттадық. Тракторға сауатсыз адамдарды отырғыздық. Олар көп ұзамай тракторларды бүлдірді, жұмысқа жарамсыз етіп тастады. Сонымен, біз МТС-тің беделін түсірдік.

Сот мүшесі Громов: 1935 және 1936 жылдардағы көктемгі егісін орындатпадыңыз ба?

Асылбеков: Иә, егісті қасақана ұзаққа созып, тұқыммен қамтамасыз етпей, орындатпадық.

Сот мүшесі Громов: Тракторларды қалай пайдаға жаратпай қалдырғаныңызды айтыңыз.

Асылбеков: 40 трактор жағармай жоқ болғандықтан, қарап тұрды. Жағармайдың болмаған себебі – біз бензин құятын орынды қасақана жасатпадық.

Председатель: Халықты астықпен қалай қамтамасыз еттіңіз?

Асылбеков: Мүмкіндік болған жерде, мүмкін болған кезде біз астық кемтарлығын біле тұра қасақана тудырып отырдық. Біз астықтың срогынан бұрын жеткізіп алатын мөлшерлерін алдын ала кемітіп, оны да жеткіздірмедік… Біз партияның директиваларын орындағанымыз жоқ, контрреволюцияның нұсқауларын орындадық.

Председатель: Сіз контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйымыңызға мүшелерді қалай тарттыңыз?

Асылбеков: Мен Әміринді, Шамсуйдиновты, Омаровты, Арыстанбековті, Баймұханбетовті, тағы басқаларын тарттым. Нұрсейітов Қаранеевті, Қарпықовты, Баймұқашевті, Телбаевты, Құрбановты, Жапаровты, Ізбасаровты, т.б. бірсыпырасын тарттым. Нұрсейітовтің бес адам тарттым деп берген жауабын дұрыс емес деп санаймын, ол бұдан анағұрлым көп адам тартты. Гатауллин, Жарбековті, Қалиевті, Асановты, Құлмаханбетовті, т.б. тартты.

Председатель: Сіз ұлтшыл-фашистік ұйымыңызға тартылған адамдарға ол ұйымның міндеттерін түсіндірдіңіз бе?

Асылбеков: Иә, маған бұл туралы Нұрмақов айт деп тапсырған дедім. Ұйымның негізгі міндеті – Қазақстанда совет өкіметін құлату, Қазақстанды бір фашистік мемлекеттің тарапынан болған интервенцияның көмегімен Советтер Одағынан бөліп алу деп айттым.

Председатель: Сіздің ұлтшыл фашистік ұйымыңыздың центрінде кімдер болды?

Асылбеков: Мәскеуде центрдің мүшесі Рысқұлов, Нұрмақов, Қожанов, Алматыда Құлымбетов, Сәдуақасов, Төреғожин және бірсыпыра басқа адамдар болды.

Председатель: Бюджет жөнінде сіз қандай зиянкестік істедіңіз?

Асылбеков: Біздің бюджетіміз дотациялы еді. Қаражатымыз болды. Біздің зиянкестікпен неше түрлі салықтар салғыштығымыз өзіміздің едәуір табысты болуымызға мүмкіндік берді, соның өзінде-ақ біз әлеуметтік-мәдени шараларға жұмсалатын қаржыны ойсырата кемітіп отырдық. Бюджеттің көбін әкімшілік-шаруашылық шығындарды құртатын, көбінесе халық ағарту жөніндегі сметалар қысқартылатын. Біз біле тұра, оқытушыларға, сауатсыздықты жоюшыларға бірнеше ай бойы жалақы бермей қойдық. Ал, олар ақша төлемеген соң жақсылап оқытпайды. Таратылуы тоқталған ескі оқу кітаптары мектептерде толық қолданылды. Біз ауылдарда мектеп құрылысын орындатпадық.

Председатель: Идеология майданында қандай зиянкестік істедіңіз?

Асылбеков: Біз жастарды контрреволюцияшыл ұлтшыл рухта тәрбиелеуге тырыстық. Осы мақсатты көздеп, біз хан дәуірі, қазақтың ескі ауылының тұрмысы дәріптелген әдебиетті мейлінше көп тараттық. Біз Сейфуллиннің, Мұқановтың, Жансүгіровтің, Әуезовтің, әсіресе, Майлиннің кітаптарын көптеп сатып алдық…

Председатель: 1937 жылдың басында Мәскеуде болдыңыз ба?

А.Асылбеков: Иә, болдым, Нұрмақовтың кабинетінде болдым. Үйіне қонаққа шақырды. Мен оған Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мирзоян асыра сілтеушіліктің зардаптарын жою жөнінде көп жұмыс жүргізіп жатқанын хабарладым. «Мен ол жұмыстарды білемін» деді Нұрмақов.

Бұдан әрі Асылбеков адам төзбес азаптың салдарынан өзінің жан жолдасы Нығмет Нұрмақовтың «Қылмыстарын тізіп беріпті-міс. Нұрмақовтың ойынша, совет өкіметі қазақ халқының түбіне жетеді. 1932 жылы жарты Қазақстан қырылды. Демек, қару алып, қарсы күресу керек. Қазақстанды жеке бөліп алу керек.

«Мәскеуден қайтар жолда Алматыға соқтым. Құлымбетов мені Қарқаралы окружкомына төрағалыққа ұсынды. Сейфуллин маған «совет үкіметін құлату керек. Өзіміздің адамдардан ұйым құрыңыз. Сөйтіп, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге әрекет жасайық» деді. Сол нұсқау бойынша мен контрреволюциялық ұйымға Ордабаевты және басқаларын тарттым».

Соттың ноябрьдің 23-і күнгі кешкі мәжілісінде айыпкер М.Гатауллиннен жауап алынды.

Тергеу материалдарының, жаңа куәлардың, эксперттердің сотқа берген жауаптары мен айыпкерлердің айыбын мойындарына алуымен Жоғарғы соттың арнаулы коллегиясы мынаны анықтады:

1. Асылбеков, 2.Нұрсейітов, 3.Гатауллин, 4.Ізбасаров, 5.Ордабаев, 6.Шамсуйдинов, 7.Баймолдин қазір әшкереленген ұлтшыл-фашистердің, халық жаулары Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Сейфуллиннің, Құлымбетовтің тікелей нұсқауы бойынша және солардың қолма-қол қатысуымен 1934 жылы Қарқаралы округінде, округ біткеннен кейін Қарағанды облысында контрреволюцияшыл ұлтшыл-фашистік ұйым құрған. Өздері сол ұйымның мүшесі болған, ол ұйым троцкийшіл-бухариншіл центрмен және фашистік мемлекеттердің шетел разведкаларымен байланыста болған. Ол қарулы көтеріліс жасауды және фашистік мемлекеттердің интервенциясы арқылы совет өкіметін құлатуды, Қазақстанды империалистік-фашистік мемлекеттердің колониясына айналдыруды міндет етіп алған. Бұл міндеттерін жүзеге асыру үшін айыпкерлер контрреволюцияшыл фашистік ұйымға мүшелер тартқан, халықты совет өкіметіне наразы етуді мақсат етіп, ауыл шаруашылығында зиянкестік істеген, колхозшылар мен колхоздарға заңсыз салық салған, олардың әлеуметтік-мәдени құрылысын бүлдірген, халықтың арасында контрреволюцияшыл ұлтшыл насихат таратқан, ұлт-ұлттың арасында алакөздік туғызуға арандату жасаған, яғни, РСФСР-дың Қылмыс заңының 58-2, 58-7, 58-10 бөлімі және 58-11 статьяларында айтылған қылмыстарды істеген.

Жоғарыда айтылғандарға сүйеніп және қылмысты істер жүргізу заңының 309 және 320 статьяларын қолданып, Қазақ ССР Жоғарғы Сотының арнаулы коллегиясы мынадай үкім етті:

Абдолла Асылбеков, Нұрғали Нұрсейітов, Мансұр Татович Гатауллин, Әзіз Тоғанбайұлы Ізбасаров, Мәжит Рақымжанұлы Ордабаев, Файзрахман Мавлидович Шамсуйдинов жоғарыда айтылған қылмыстарды ұйымдастырушы және қолма-қол орындаушы болғандықтан, қылмыс жазасының ең ауырына бұйырылып, атылсын.

Жұмабек Баймолдин істеген қылмыстарын тергеу органына келіп, тұтқынға алынбастан бұрын өзі айтқанын еске алып, сот оған қылмыс жазасының ең ауырын қолданбауды мүмкін деп тапты. СССР ОАК 1937 жылғы 2 октябрьдегі қаулысына сәйкес Баймолдин 15 жыл абақты жазасына кесілсін, тергеу алдында биылғы 2 июльден бері тұтқында отырғаны осы мерзімнің ішіне кіргізілсін. Қылмыс Заңының 31-статьясының а, б, в пункттерінде айтылған праволары бес жылға жойылсын.

Жазаға бұйырылғандардың жеке өз бастарының мал-мүліктері кәмпескеленсін.

Үкім тұжырымды, шағым етуге болмайды.

Сот председателі: Қоскелдиев

Сот мүшелері: Громов, Ішмұратов («Социалистік Қазақстан», 1937 жыл, 20, 21, 22, 23, 24 ноябрь)

НКВД бұл айыпкерлердің ішінде А.Асыл­бековке ерекше көз тікті. Себебі, А.Асылбеков шын ұлтжанды, ерен пікірлі азамат, тума талант, қоғам, мемлекет қайраткері, ұйымдастырушысы болғандықтан, алдымен оны құрыққа ілді. Екіншіден, Нұрмақовтың, Сейфуллиннің, Құлымбетовтің, «Қазақстанда Кеңес үкіметін қарулы көтеріліспен құлатуға», шетел тыңшыларымен Троцкий, Бухарин топтарымен «тығыз байланысты» болғанын «зиянкестік», «сатқындық» әрекеттерін оларға мойындату үшін алдымен А.Асылбековтің мойнын бұрап, мойындатып алып, оның көзін тез жою қажет болды.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін, ең бастысы, «айыпкерлердің» «қылмысына», «Отанын сатқанына» халықтың көзін жеткізіп, миын улау үшін оларды бір-біріне айдап салды. Жала жапқызды, жалған айтқызды. Айыптарын «мойындаттырды».

19 жасынан Кеңес үкіметін құруға белсене қатысқандығы үшін 20 ай (2.VI.1918 – 27.11.1920 ж. дейін) Колчактың азапты абақтысындағы тозаққа мойымаған Абдолла НКВД-ның аз мерзімдегі азаптауына шыдамады. Асылбековті басқа азапкерлерден де бөле-жара шектен асқан айуандықпен ұрып-соқты. Басына тиген қатты соққыдан құлағының жарғағы жарылып кетті. Сондықтан, құлағы да нашар еститін. Оны бірнеше күн қатарынан тікесінен тік тұрғызып қойып та тергеді. Тергеушілер ауысып жатады, ол болса сол тұрған күйінде қақшиып тұра береді. Аяқтары қабына ісіп кетеді. Есінен танып, құлап қала береді. Мұндай кезде үстіне су құйып, есін жиғызып алады. Азаптауды қайтадан басынан бастайды. Резеңке кеспелтектермен беліне, бауырына, бүйрегіне соққылай бастайды. Аяғындағы бәтеңкесін шешіп тастап, табанын да аяусыз соққылайды. Бірнеше рет бір оңбаған дәрігерді шақыртып алды. Ол Асылбековтің тамырын ұстап көреді де, жайбарақаттықпен: «Жалғастыруға болады!» деп шығып кетеді… Ақыры, соншалықты азаптауға шыдай алмай әрі ертерек өлгісі келді ме, Абдолла Асылбеков олар талап еткен қағазға қолын қойды.

Өкінішке қарай, А.Асылбековтің Қарағанды түрмесіндегі өмірінің соңғы күндері мен сағаттары туралы мәліметтерге бүгінгі зерттеушілердің қолдары әлі жететін емес. Тергеу ісінің материалдары «Өте құпия» деген ен-таңбамен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің арнайы сақтау қорларында сақтаулы.

Бүкіл ғұмырын туған халқы үшін, оның бостандығы, тәуелсіздігі үшін арнаған, сол мақсат-мүдде жолына басын тігіп, құрбан болған Абдолла Асылбеков сияқты 125 мың асылдарымыздың аруағына бас иіп, оларды еске алу ләзім. Олар – жалған жаладан қуғын-сүргін көріп, нақақтан күйгендер. Аллаға шүкір, бүгінде қай-қайсысының да қылмысы жоқ екені айғақталды, толық ақталды.

Тілеу КӨЛБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button