Руханият

«Жазбашы енді, ешкімге, хабарлама…»

Қоғамның дамуы һәм бүгінгі жетістігі расында заманауи технологияның арқасында іске асқанын білеміз. Оның ішінде телефон, желі деген түсініктер шыққалы телефон қуаттағыштан, ал, біз телефоннан арыла алмай қалдық. Осының кесірінен бала әке қайырына, ана мейіріміне мұқтаж-ақ. Тіпті, отбасы ошақ қасына жетпей-ақ, қыз-жігіт болып болашақ жоспарлаған көп жастың екі жаққа кетуі де осы желідегі жалғанның кесірі. Кәсіби режиссер Қаршыға Иген мен Saryarqa телеарнасының түсірілім тобы жарыққа шығарған «Хабарлама» фильмі дәл осы мәселені қозғайды.

Әйел де, еркек те адам және адамға тән махаббатқа, сенім мен сыйластыққа зәру. Бірақ қарым-қатынаста екі адам екі бөлек дүниені қажетсінетініне де хақ берген жөн. Әйел табиғатына тән қамқорлықты қаласа, еркек сүйіктісі оған сенсе дейді, оны қалай бар, солай қабылдаса дейді. Ал, біз сөз өткелі отырған туындыда керісінше бәрі жас жігіттің қызғанышынан ушыққан арақатынас.

Жақсы көрген жанға деген махаббат буы кейде тым шектен шығатыны бар. Оның әсері қызғанышқа, ашуға, ең сорақысы ажырасып тынуға әкеледі. Фильмдегі Айдос пен Айымның бір-біріне деген сезімі тым ыстық әрі пәк еді. Кенеттен ортаға түскен бейтаныс жігіттің хабарламасы Айдостың ашуына тиеді. Бұл бейтаныс жігіт Айымның ескі танысы еді. Айдос хабарламаны бала кезден бірге өскен жан досы Ержан жазды деп ойлады. Осылай, даудың басы телефондағы жазықсыз хабарламадан басталды.

Қызғаныш – ер мен әйел арасындағы көпұшты ой-пікір тудырар өзекті мәселе. Бірақ, не нәрсенің себебін біліп, я болмаса анық-қанығына жетіп барып, шешім шығаруды біліп тұрсақ та, кейде ашу үстінде ақылға жүгіне алмайтынымыз айғақ. Десек те, жақсы көрген жанға жан-жағы ықтияр болып, сөйлесіп араласса, атың ауыздығымен алысып, не айтты екен, не сөйлесті екен деп білгің келіп қызғаныштың қызыл иті жалаңдап тұратыны ше? Бұны тек бір-біріне шын ғашық болған жандар ғана түсінуі мүмкін. Әйтпесе, әннің сөзіндегідей «Жазбашы енді, ешкімге, хабарлама…» деп өтініп сұранар ма еді?! Бұл тұрғыда кесіп-пішуді көрермен мен оқырманның хақына ұсынамыз.

Айдос пен Айымның арасының алшақтауына Ержанның кінәсі бар ма жоқ па, оны тек фильмді тамашалап бағамдарымыз анық.

Туындының саунтрэгіне айналған және атауының «Хабарлама» болуы да тегін емес-ті. Ақын Жәлел Қуандықұлының өлеңіне жазылған ақтойғайлық сазгер Наурызбай Бейсекеевтің әні. Аталған ән осы фильмге арналып жазылған. Расында, фильмді тамашалау барсында бір байқағанымыз, ән табиғаты мен фильмдегі оқиға желісінің іштей үйлескенін сезіндік. Көрермен қауымға туындының шынайы жетуіне бірден-бір себепші болған Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ дарама театрының әртістері Айдос Нұрмағамбетов, Ақбота Қанат. Ал, түсірілім операторы – өз ісінің білгірі Рустам Беков. Аталған фильмге түсірілім алаңын ұсынған – «Voguе» мейрамханасының иесі Данияр Қалымбетов.

Бұдан бөлек, Қаршыға Игеннің режиссерлігімен Saryarqa телеарнасы жыл сайын дәстүрлі түрде жыл сайын бір фильм түсіріп жүр. Атап айтсақ, «Жоғалған әйел», «Наурызым менің», «Блогер келін», «Тұзақ» сияқты басқа да туындылары көрерменнің ыстық ықыласына ие болған еді.

Жан АМАНТАЙ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button