Жаңалықтар

Жауапкершілік жүктейді

           Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнер­кә­сіп­­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кі­ндік­тері» атты Жолдауында көрсеткен 10 міндеттің жетіншісі «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Шындығында, кез келген әлеуметтік формациядағы басты капитал – адам. Адам­зат табиғи даму кезеңінде, өмірдің барлық сатылары, ба­ғыт­тары мен салаларында өсу мен жаңғырудың жолында бол­ма­са, бұл кезде дүние қазіргідей даму мүмкіндігіне ие болмас еді.

«Адами капитал – жаңғыру негізі» дей отырып Мемлекет басшысы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуы тиіс», деп білім беру ұйымдарының барша қызметкерлеріне бағыт-бағдарды айқындап беріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылдың 30 қаңтарындағы Жолдауында да «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын 2017 жылдан бастап іске асыруды тапсырған еді. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 30 колледждің 23-і осы жобаны іске асыруды бастады. Оның ішінде 12 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес оқу орындары жастарды тегін жұмысшы мамандығы бойынша оқытуда.

Елбасының тапсырмасына сәйкес 2017-2018 оқу жылында жергілікті және республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс көлемі 4603 орын болып белгіленді. Оның ішінде жұ­мыс­шы мамандықтары бо­йын­ша республикалық бюджет есебінен «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті да­мы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасы» негізінде 1515 орын, жергілікті бюджет есебінен 1675 орын, барлығы 3190 орын бөлінді. Осы жоба шең­берінде студенттер 28 ма­ман­дықтың 42 біліктілігі бойын­ша білім алуда.

Аталған тапсырма аясында біздің М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне 4 жұмысшы білік­ті­лігі бойынша 100 орын мемле­кеттік тапсырыс бөлініп, студенттер білім алуда.

Облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қазіргі таңда шын мәніндегі «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде, техноло­гиялық, экономикалық және әлеу­меттік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезе­ңінде» жұмыс істеп, қызмет ететін жас­тарды оқыту мен тәрбиелеудің жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы Жолдау аясындағы Ел­ба­сымыздың «Жұмыс беру­ші­лерді тарту арқылы және ха­лық­аралық талаптар мен цифр­лы дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жа­ңарту керек» деген тапсырма­сы білім беру ұйымдарына үлкен мін­дет­тер жүктейтінін жақсы түсі­не­міз. Аталған бағытта колледж ұжы­мы еңбек нарығының заманауи талаптарына толыққанды жауап беретін, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарын даярлау ісін жаңа сатыға көтеру мақ­са­тында оқу-тәрбие үдерісіне жа­һан­­дық тәжірибеде қолданысқа ие дуалды оқыту мен модульдік бағ­дарламалар негізінде білім беру жүйелеріне көшуді бастады. Жұмыс беруші серіктестер мен студенттердің ата-аналарынан құралған өкілдер колледждің Қамқоршылық кеңесі арқылы білім сапасын бақылауға және оны арттыруға бағытталған іс-шараларға толыққанды қатысуға қол жеткізді.

Оқу орнының материалдық-тех­никалық базасы да облыс бас­­шыларының қамқорлығы арқа­сында жыл санап жаңаланып, жаңғырып келеді. 2017 жылы колледжіміз 82,0 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті.

Президент Н.Назарбаев «Өзі­нің тарихын, тілін, мәде­ниетін білетін, сондай-ақ, зама­нына лайық, шет тілдерін мең­гер­ген, озық әрі жаһандық көз­қа­расы бар қазақстандық біз­дің қоғамымыздың идеалына ай­налуға тиіс», деді. Бұл жастар­ға сапалы білім мен саналы тәр­бие беру жұмыстарын тү­бе­гей­лі қайта қарап, әлемдік озық үлгілерді өз тәжірибемізге енг­і­зу­ге міндеттейді деп ойлаймын.

 

Бақыт КЕНБАЕВ,

ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы, профессор.

«Егемен Қазақстан» газеті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button