Поэзия

Жатсам-тұрсам сыйынар пірім менің!

(Қаздауысты Қазыбек бабамыздың рухына)

Бас иіп үлкен-кіші

тәжім еткен,

Қазақта асқан кім бар

Қазыбектен?!

Тіріде орын берген

жүрегінен,

Өлгенде төрін берген

Әзіреттен.

Тұқымы дегдар оның

қаракөктен,

Бабасы Бұлбұл, Шаншар

дана да өткен.

Ерекше Келдібектің

алты ұлынан

Жұртының ық жағына

пана бопты ол.

Жаралып Тоқмейілдің

жатырынан,

Жан еді артық туған

ата ұлынан.

Аруақ, мысы басып

жас баланың,

Қонтайшың да жаңылған

ақылынан.

Ол озған суырылып

топ ішінен,

Сөз бастап, сөйлеп

шешен он үшінен.

Қалмақтың Қалданы да

құлдық ұрып,

Қаз дауысты” атаған

көрісімен.

Ақ айтып алдында адам,

Алланың да,

Қара қылды қақ бөліп

жарғанында,

Билігіне тоқталған

қараша да,

Батырың да, тақтағы

хандарың да.

Бір сапта боп Әйтеке,

Төлеменен,

Туралықпен Үш Жүзді

төрелеген.

Болашағын келер

күн ұрпағының,

Болжай білген әулие

көреген ол.

Ақтабанда шұбырған

жанталаста,

Арпалысып жауымен

сан таласта,

Туған жерден қалмақты

түре қуып,

Қоныс қылып қалдырған

Алты алашқа.

…Таусылғанша арнаған

ғұмыр, демің,

Қалай сені ұмытар

бүгінде елің?!

Қолдап, жебеп жүргейсің

рухыңменен,

Жатсам-тұрсам

сыйынар пірім менің!

Ержан Имаш.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button