«Жасыл ел» сарбаздарына қошемет

Елімізде жыл сайын жазғы демалыс уақытында жастар ал­ғашқы еңбек тәжірибесінен өтіп жүр. Бұл орайда құрылған «Жасыл ел» жасақтарының құрамында 14-15 жастағы мектеп оқушыларымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар болады.

Олар жаз бойы өздері тұратын елді мекеннің көшелері мен аулаларын қоқыстан тазартып, бақтар мен гүлзарларды абаттандырумен айналысады. Тиісінше сол атқарған жұмыс­тарына сәйкес олардың әрқайсысына 70-105 мың теңге аралығында еңбекақы төленеді.

Міне, Саран қаласында да ұйымдастырылған осындай «Жасыл ел» жасақтарының жұмысын қорытындылаған жиын 13 қыркүйекте осындағы «Достық үйінде» өтіп, осы қозғалысқа қатысқан 120 жасқа құрмет көрсетілді. Солардың ішінен Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейісбеков осы маусымда ерекше көзге түскен 10 жасөспірім мен қыз-жігітке гүл шоқтары мен дип­ломдар табыс етті.

Марапат алғандардың арасында қа­ладағы №8 мектептің оқушысы Аружан Әбдіраш, Абай атындағы Саран жоғары техникалық-гумани­тарлық кол­леджінің студенттері Арайлым Сер­ғазы, Анеля Дәнібекова, Павел Григоренко, тағы басқалары бар.

Сарандық «Жасыл ел» жасақтарының жабылу жиыны ән мен күйге ұласып, жиналғандар «Амадеус» би ансамблінің өнері мен жасақ жауынгері Ақжол Нұрмахановтың домбырамен тартқан күйлерін тамашалады.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.