Бас тақырыпРесми

Жастар жылы қорытындыланды

Кеше Серік Сәпиев атындағы бокс сарайында өткен Жастар жылын қорытындылау салтанатына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мұрындық болған кездесу күндегіден өзгеше форматта ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Билік өкілдерімен ашық диалог түрінде өткен кездесуде жастар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысына белсенді атсалысқан аймақ жастарын марапаттады. Кездесуді жүргізген жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне көкейдегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік берді. «Болашақ» бағдарламасымен Қытайға оқуға түсіп, сол елде тоғыз жыл бойы құрылыс саласында үлкен тәжірибе жинаған қазақстандық кәсіпкер Олжас Сүлеймен сөз алды. Қытай елінде бірнеше отандасымыздың басын қосып, Тонгжи университетінде «International Students Association» ұйымын ашқан қазақ жігіті 24 жасында 1500 адаммен бәсекеге түсіп, әлемдегі ең мықты компаниялардың біріне жұмысқа орналасқанын айтып жастарды жігерлендірді.

– Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлеңінде айтқандай, адамды алға жетелейтін – білім мен еңбек. Осы екеуі мен үшін жетістікке жетудің қарапайым жолы. «Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» деген ұстанымым бар. Егер адам еңбектенетін болса, міндетті түрде жетістікке жетеді, – деді Олжас Сүлеймен. Сондай-ақ, кездесуде ҚарМТУ-дің студенті Юрий Коляның келер жылға аймақ жастарына бағытталған шаралар жөніндегі сауалына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жауап берді.

– Жастардың мүддесіне бағытталған шаралар жалғасын табады. Әсіресе, гранттар бөлу арқылы қолдау көрсету бар жағынан тиімді. Сондықтан, форумдар мен конференцияларға кететін артық шығындарды қысқартуға және оның орнына гранттар санын арттыруға шешім қабылданды. Келесі жылдан бастап облыс әкімі грантының жалпы сомасы 100 млн. теңгені құрайды. Осы орайда ауыл жастарына бағытталған біраз жобалар жүзеге асады, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, кездесуде Қарағандыдағы №5 Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Бақытжан Тәшенов жастарды өмірде белсенді болуға шақырды.

– Осыдан біраз жыл бұрын менен қанның қатерлі ісігі анықталған болатын. Қазіргі таңда жамбас сүйегімде протез бар. Менің ұстанымым – жастар өмірді бостан бос өткізбей, артына із қалдыратын іс жасауы керек. Елге, қоғамға пайдасын тигізіп, өз үлесін қосуға асығуы керек. Үкімет маған не береді дей бергенше, ізденіп, талпыну керек. Білім мен ғылым жолындағы барлық мүмкіндікті босқа жібермеңіздер, – деді Бақытжан Тәшенов.

Ерекше кездесуде жастар өздері үшін арнайы ұйымдастырылған әсем кештің куәсі болды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button