Жаңалықтар

Жастар қоғамнан тыс қалмайды

Кеше Достық үйінде «Жастар аудиториясымен жұмыс істеудің заманауи үрдістері» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оған облыс бойынша мәдени-сауық ұйымдарының әдіскерлері, жастармен жұмыс жөніндегі мамандар, әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін мамандар қатысты. Жастарды пайдалы іске тарту, бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, қоғамдық өмірге араласуға баулу – айтуға оңай болғанымен, жолын таба білуді талап ететін шаруа. Әйтпесе, «NЕЕТ жастары көбейіп барады» деп дабыл қақпас едік.

– Жастармен жұмыс, талантты жастарды танып, қолдау көрсету – біздің басқарманың басты бағыттарының бірі, – деді құттықтау сөзінде облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов. – Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы. Жаңа Қазақстанды құруда жастарға ерекше назар аударып, олардың бастамаларына қолдау білдіру қажет.

Басқарма басшысы «Зерде» мобильдік кешеніне қатысты мәселелерді шешу үшін келер жылға бюджеттен қаражат сұратуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қолдау жасалса, аудандарда өз кешені болатынын да айтты.

Сонымен қатар, Еркебұлан Қайроллаұлы ауылдық мәдениет мекемелерінің қызметкерлеріне Алғыс хат табыстады.

Бұқар жырау ауданы Тұзды ауылының мәдениет үйі қызметкері Сембігүл Құлбекова – марапат иегерлерінің бірі.

– Осы уақытқа дейін ауылдағы мәдениет үйі жалдамалы ғимаратта болды. Биыл ол жөнделіп, басы бүтін бізге берілді. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, – деген ол жаңалығымен бөлісті. – Режиссер мамандығын бітіргем. Мәдени шараларды балалармен де, жастармен де, үлкен буынмен де өткіземін. Қоғамнан тыс қалмасын деп үй шаруасындағы аналармен де құрған тобым бар.

Бұдан кейін арнайы шақырылған спикер өнертану кандидаты, театртанушы Амангелді Мұқан «Жастармен жұмыс жасау: тенденция, үдеріс, тәжірибе» тақырыбында әңгіме өрбітті.

– Мәдени-демалыс қызметі былайша айтқанда, бос уақытын түрліше өткізетін адамдарға түрлі формаларды ұсыну. Айтып отырған формалар әрқайсымыздың жеке қалауымыздан, қызығушылықтарымыздан, сондай-ақ, мәдени және зияткерлік даму деңгейінен туындайды. Мәдени жұмыстар арқылы сіздер әлеуметтік және педагогикалық бағыттағы жұмыстарды да атқарып отырсыздар. Күнделікті жұмыс ретінде көрінгенімен, бұл – жастарды тарту, белгілі бір іске жұмылдыру, баулу арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу, – дейді Амангелді Оразбайұлы.

Спикердің айтуынша, жастардың қоғамнан орнын тауып кетуі, яғни, оларды бағдарлау – мемлекет назар аударатын маңызды іс.

– Оқу бітіретін жастардың тең жартысы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Жұмыс таппайды, тапқаны көңілінен шықпайды. Осындай кезде зиянды заттарға әуестенуі мүмкін. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты. Жақында ғана Qalam қоры жастардың әлеуметтік көңіл күйіне, олардың өмір салты, денсаулығы, әдеттері мен бос уақытына қатысты зерттеулер жүргізді.
Соның нәтижесіне қарасақ, сауалнамаға қатысқан жастардың 70 пайызы стресс, ұйқысыздық, апатия жағдайында жүргенін көрсеткен. Бұл қорқынышты статистика, – деді Амангелді Мұқан.

Тағы бір спикер СММ тәлімгер, әлеуметтік желіде табыс табу бойынша маман Амилия Позднякова әлеуметтік желі арқылы мәдениет мекемесі маркетингін дамытуға болатынын айтты.

Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button