Жастар мәселесі – басты назарда

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Приозерск гарнизонында орналасқан «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде Қарағанды облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Біржан Әлімжанов 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы мен 60601 әскери бөлімінің «Сағадат» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді. Кездесуде еліміздегі жастардың тәрбиесі, оның ішіндегі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланды.  

14 жас пен 18 жас аралығындағы тәрбиеленушілерімен жасақталған «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы мен «Сағадат» әскери-патриоттық клубының алға қойған мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу және ел келешегі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру болып табылады. Клуб тәрбиеленушілері 2018 жылдан бері жастарға патриоттық тәрбие беру бағытымен егеменді еліміздің «Жас сарбаз» қозғалысының аясындағы Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына үзбей қатысып келеді.

Клуб тәрбиеленушілерімен кездесуге келген Қарағанды облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Біржан Әлімжанов алдымен дайындық барысын көзбен көрді. Тәрбиеленушілердің бір қатары автоматты атыс қаруын жартылай бөлшектеу және жинау әдістерін көрсетсе, екінші бір топта жиналғандар ластанған ауадан қорғану кезіндегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныстың түрлерін іс жүзінде жүзеге асырды.

Келесі кезекте алаңдағы ашық пікір алмасуда тәрбиеленушілер Біржан Нұржанұлына түйткілді мәселелері мен өз ойларын жеткізе білді. Клуб тәрбиеленушілері алғашқы пікірлерін биылғы ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жиынындағы жарқын жетістіктерімен білдірсе, одан әрі ойларын келесі жылғы Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының 10 жылдық мерейтойына тыңғылықты дайындықтың керек екендігін алға тартты. Осы ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Тілек Кенжебеков жетекшілік ететін «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубынан тәрбиеленушілер М.Төремұрат пен Д.Мусатаева белсенділік танытса, аға лейтенант Нұржан Бахтияров басқарып келген «Сағадат» әскери-патриоттық клубынан тәрбиеленуші А.Шайхстан ерекше көзге түсті.

Кездесуге «Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Г.Шарбекова мен Приозерск қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ә.Әліхан қатысты.

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы лейтенант Думан Жұмашұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.