Жаңалықтар

Жастар қанатында – жарқын жобалар

Биыл қоғамның негізгі және белсенді қозғаушы күші – жастарға мемлекет тарапынан сенім мен жауапкершілік жүктелді. Ел жастардан жарқын жобалар мен жаңа бастамалар күтеді. Осы бағыттағы орнықты істер бұрын да қолға алынған болатын. Мәселен, 2008 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Нұр Отан» партиясы жанынан «Жас Отан» жастар қанаты құрылды. Ұйым ел жастарының және ұйымдарының басын біріктіріп, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып отыр.

Бүгінгі таңда облыстағы «Жас Отан» жастар қанаты – жас буын мүддесін дамыту мен насихаттаудың басым бағыттарын анықтайтын ірі жастар қозғалысына айналған. Қазіргі таңда оның басшылығымен жүзеге асқан әлеуметтік маңызды жобалар қатарында «English for jastar» және заманауи «Bilim ortalygy» бар.

Бұл ретте, өткен жылы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты «Болашақ» қауымдастығымен бірлесе отырып, ауылдық жерде тұратын жастарға шет тілін меңгерту мақсатында «English for jastar» жобасын іске қосты. Жобаға қатысуға ауыл жастары арасынан ағылшын тілін білетін еріктілер ниет білдірген. Нью-Йорк штатынан Мiriam Greenfield және Гарвард университетінен келген Kenneth Palmer ағылшын тілін үйрету мақсатымен Нұра мен Осакаров ауылдарында болып, оқытушылық қызмет атқарды. Сондай-ақ, аталған жобаға жоғары оқу орындарының студенттері атсалысқан. Өткен жыл соңында ағылшын тілін үйренуге 500-ден астам бала қабылданып, жоба облыстың алты ауданында сәтті жүзеге асқан.

Бүгінгі таңда «Жас Отанның» басшылығымен өңірдегі «Bilim ortalygy» аясында 27 коворкинг орталығы ашылды. Облысқа қарасты қалаларда (Қарағанды – 7, Балқаш – 2, Жезқазған – 2, Саран – 1, Сәтбаев – 1, Шахтинск – 1, Қаражал – 1, Теміртау – 1, Приозерск – 1) 16 орталық жұмыс істеп тұр. Ал, аудандарда 11 орталық ашылды.

Білім орталықтарында жас ұрпақтың рухани, интеллектуалдық деңгейін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Шет тілін үйретудегі ілкімді жобалардың басым көпшілігі бәсекеге қабілетті жастарға бағытталып отыр.

Сөйтіп, облыс жастары «Жас Отан» жастар қанаты аясында мемлекет қамқорлығы мен қолдауын толық сезінді деуге болады.

Аяулым СОВЕТ, 
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button