Жастарға – жаңа жатақхана
Облыстың білім саласында өзіндік орыны бар Қарағанды медицина университеті студенттеріне арнап жаңа заманауи жатақхана салып берді.
Қаланың орталығында орын тепкен студенттер үйі мультимедиялық жабдықтары бар оқу бөлмелері мен спорт және музыка залдары, жайлылық үшін басқа да қажет көптеген заттармен қамтылған. Университет басшылығының айтуынша жоғары технологиялық стильмен салынған 9 қабатты ғимараттың құрылысына 2 жыл кеткен.
Аталмыш жатақхананың ашылу салтанатына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов арнайы келді.
– Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл ел бойынша студенттерге арналған жаңа жатақханалар салынуда. Біз сіздерге білімнің шыңына шығып, кейін халыққа қызмет ету үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгін біз барлық стандарттарға сай жаңа заманауи жатақхана ашып жатырмыз, – деді Ажар Ғиният.
Жатақхана салу үшін жергілікті билік қаланың орталығынан жер бөлген. Студенттер үйі қаржы орталығының қолдауымен арнайы бағдарлама бойынша ЖОО қаражатына салынған.
400 студентке арналған жаңа жатақхананың барлық бөлмелері екі орынды. Толық жиһазбен, жеке жуынатын бөлмемен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, әр қабатта ас үй және тұрмыстық бөлмелер, киім-кешек бөлмелері, демалыс орындары бар.
– Қарағанды медицина университетінің бұл жетінші жатақханасы. Биылғы жылы университетіміздің бірінші курсына 2000-ға жуық студент қабылданды, олардың жартысына жуығы жатақханаға мұқтаж. Жаңа ғимаратта орындар бөлінді, қазір қоныстану белсенді жүріп жатыр,- дейді университеттің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Қуатбек Төлеубеков.
Облыс бойынша 8 ЖОО-да 10 мың орындық 29 жатақхана бар екен. Алдағы уақытта Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті 500 орындық жаңа жатақхана салады деп жоспарлануда.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz