Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Жастарға серпін берген слет

Қарағанды облысына қарасты білім ордалары арасынан «жыл мектебі – 2021» кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қабілетті және талантты жастар – біздің болашағымыз» атты ІІ облыстық слет өтті.

Биыл ауқымды шараны Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі, «SEVIBA» ЖК ақпараттық қолдауымен Саран қаласының жастар-ресурстық орталығы ұйымдастырды. Хакім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол…» деген жолдары бұл слеттің ұранына айналды.

Аталмыш облыстық слет басталмас бұрын ең алдымен ZOOM платформасы арқылы барлық қатысушыларға бірлік пен ынтымақты дәріптейтін, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты көтеретін арнайы бейнежазба ұсынылды. Одан кейін салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Бірінші болып құттықтау сөз алған Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Альфия Сарсембаева облыстық слеттің қатысушыларына сәттілік тілеп, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге ұйымдастыру жұмыстарына көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Өткен жылы облыстық білім ордалары арасында алғаш рет болған І облыстық слетке 10 мектеп қатысса, биыл қатысушылар саны екі есе өсті. Бұл туралы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Владимир Закамолкин атап өтті.

«Қабілетті және талантты жастар – біздің болашағымыз, ел ертеңі. Еліміздің әрі қарай гүлденуі мен өсіп-өркендеуі жастардың қолында. Бүгінгі шараға қатысып отырған әр қатысушы қазіргі заманауи технологиялардың арқасында біздің колледжбен, педагогтармен жақын танысады. Өткен жылы слетке 10 мектеп қатысса, биыл 20-дан астам мектеп қатысып отырғанына қуаныштымыз» , – деді колледж директоры.

Келесі болып сөз алған қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының м.а. Сәнді Мұстафина өзінің құттықтау сөзінде көзі ашық, көкірегі ояу жастарға зор сенім білдіретінін жеткізді.

Осы жолы облыс жастарының шығармашылық әлеуетін анықтау, оқушылардың негізгі еңбекке – оқуға деген оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған облыстық слетке Қарағанды, Балқаш, Абай, Шахтинск, Саран қалаларының, Нұра, Қарқаралы, Осакаров аудандарының мектептері қатысты. Бас-аяғы 21 білім ордасы болды. Әр мектептен 9 және 11-сынып оқушыларынан құралған алты адамнан тұратын бір команда ғана ұсынылды. Биылғы шара онлайн режимде өткендіктен, әрі қатысушылардың саны көп болғандықтан білім ордалары 5 топқа бөлінді. Алайда барлығы техникалық, шығармашылық және спорттық қабілеттерді талап ететін бір бағдарлама бойынша сыналды.

Слеттің «Сәлеметсіз бе! Бұл – біз» атты бірінші кезеңінде әр мектеп өздерінің соңғы үш жылдағы жетістіктерімен, жалпы білім ордасы жайлы ақпаратпен бөліскен. Жіберілген материалдарды ұйымдастырушылар Padlet виртуалды тақтасында орналастырды. Келесі кезең «Команданың визит карточкасы» деп аталды. Онда білім ордалары ұзақтығы үш минут болатындай команданың атауы, ұраны, қатысушылардың таныстырылымы мен мүддесі қамтылатын бейнеролик жолдаған.

Соңғы кезең «Виртуалды квест» ЗD туры арқылы мектеп командалары ZOOM платформасында еріктінің сүйемелдеуімен маршрут парағында жүріп, жылдамдыққа пазл құрастыру, жасырылған сөзді табу, «Миллионер» атты үш тілді викторина және «Нейрографика» техникасы (яғни екі қолмен бір уақытта жұмыс жасау) арқылы «Болашақтың қаласы» тақырыбында сурет салды. Сонымен қатар, облыстық слетке қатысқан мектептер арнайы бейнероликтің көмегімен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге онлайн-экскурсия жасады.

Шара соңында аталмыш колледж директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчин қазылар алқасының мүшесі ретінде «Қабілетті және талантты жастар – біздің болашағымыз» атты ІІ облыстық слеттің қорытындысын жариялап, әр мектеп өзін жақсы жақтан көрсетіп, ерекшеліктерімен дараланғанын айта отырып, 21 номинацияның иегерлерін атап өтті.

Соның ішінде Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп негізгі аталымдар арасынан «Ең сенімді команда» атанды.

– Біз облыстық слетке тыңғылықты дайындалдық. Үш кезең ішінен бәрінен квест ойындары қызық болды. Осындай шара болашақта белгілі бір қадам жасауға және қандай мамандық иесі болатынымызға көмектеседі. Яғни, келешекте мамандық таңдауымызға септігі зор. Өз басым осындай облыстық слетке қатысқаныма қуаныштымын, – деп Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9 «Б» сынып оқушысы Камшат Кузибаева шарадан алған әсерімен бөлісті.

Слеттің жабылуында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Надежда Шаповалова «Құрметті қатысушылар, қонақтар, ұйымдастырушылар шын көңілден сіздерді осындай шараның өтуімен құттықтаймын. Осымен екінші рет өткізіп отырған облыстық слетте біздің жастар шынымен де өздерін талантты, креативті, қабілетті екендерін көрсете білді», – деп барлық қатысуға ниет бідірген оқушыларға, мектептерге ризашылығын білдірді.

Облыстық слетте жүлделі ІІІ-орынды Бақты ауылының № 21 жалпы білім беретін мектебі алса, ІІ-орынмен Қарағанды қаласынан Қаныш Сәтбаев атындағы гимназиясы марапатталды. Шахтинск қаласының № 1 мектеп-гимназиясы бәрінен топ жарып, І-орынға ие болды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер «Жыл мектебі – 2021» кубогымен, арнайы дипломмен, барлық жетекшілер Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж атынан Алғыс хатпен, қатысушылар Қарағанды облысының оқу-әдістемелік орталығы атынан сертификатпен марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

Саран қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button