Жаңалықтар

Жастарға алғыс жарияланды

Шахтинск қаласының мәдениет үйінде Жастар жылының жариялануына орай «Жаңа белес» форумы өтті.

Биылғы Жастар жылы – жас буынның рухын көтереді, жігерін жаниды. Бәсекеге қабілетті ел болудың негізі – сол елдің жастарын лайықты тұрғыда тәрбиелеу. Ендеше, Жастар жылы аймақтың жалындап жанған, биік белестерді бағындыруға ұмтылған, өнегелі ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесін қосқан азаматтарға алғыс жариялаумен бастады Шахтинск билігі.

Қалада әлеуметтік маңызы бар жастар қозғалысын лайықты түрде жүргізіп келе жатқан «Жігер» және «Экобигат» сияқты ұйымдар бар. Олардың қызметі арқылы өңірдегі сапалы жастар саясатын жүзеге асыруға, жастардың өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуын арттыруға, адами капиталдың өсуіне үлкен үлес қосады.

Шахтинск аймағында сапалы жастар саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосқаны үшін қала әкімінің Алғыс хатын Адам Алмазов пен Валерия Герасимоваға қалалық мәслихаттың хатшысы Жамала Мамерханова табыс етті.

Спорт саласындағы жетістіктері үшін Станислав Ли марапатталды. Қала әкімінің орынбасары Қайыржан Тілеубергенов табыстады.

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ғалымтай Қаржасов Шахтинск аймағында сапалы жастар саясатын жүзеге асыруға зор ықпал еткені үшін көңілді тапқырлар командасын марапаттады.

Отбасы – адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Ендеше, дәстүрлі ғұрыпты сақтап келе жатқан жас отбасын да марапаттауды тыс қалдырмапты. Отбасылық құндылықтарды дәріптегені үшін шаңырақ иесі – Дүйсенбай Молдабек марапатталды.

Қала әкімі Сержан Аймақов құттықтауын білдіріп, шара мерекелік бағдарламаға ұласты.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button