Жаңалықтар

«Жас Өркен» – сәтті бастама

     «Самұрық-Қазына» ҚарМТУ-дың биылғы түлектерін «Жас Өркен» тағылымдамасына шақырады. Сайыстар ЖОО-ның талантты түлектерін тағылымдамадан өткізу және іріктеу кезеңі арқылы жүзеге асады.

Былтырғы жеңімпаздар секілді биылғы жылдың да 20 жеңімпазы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде білімін жетілдіріп,  екі жыл бойы тағылымдамадан өтуге Қазақстанның жетекші ұлттық компанияларына жіберілмек. Осы кезең бойы тағылымгерлерге шәкіртақы, тағылымдану орнына жолақысы және тұрақтау ақысы төленіп, жас маманға компанияның тәжірибелі топ-менеджерлерінің ішінен  тәлімгер бекітіледі. Нәтижесінде тағылымдамадан сәтті өткен үздік түлектер жетекші ұлттық компанияларда қызмет ететін болады.

Ақмарал ҚАДЫРБАЕВА, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративті оқыту бойынша директоры:

– Бұл сайысты  «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті ұйымдастырады. Дарынды жас мамандарды тағылымдама бағдарламасына шақыру компания тарихында екінші рет. Сайыс үш кезеңнен тұрады: біріншісін қатысушылар online түрде өтеді, екінші кезең республика аймақтарында ұйымдастырылады, ал үшіншісі – Астана қаласындағы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде болмақ. Қатысуға бакалавриат және магистратура бағдарламасы бойынша ҚарМТУ-дың 2017 жылғы түлектері шақырылады. Былтыр осы бағдарлама бойынша Қазақстан және шетел мемлекеттерінде оқып жатқан өзіміздің студенттеріміздің қатарынан 20 жас маманды іріктеп алған болатынбыз. Үш түлек – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері.

Жиында бой көрсеткен «Жас өркен» жобасының тағылымгері, ҚарМТУ түлегі  Әділ Жапарғалиев те – сайысқа құжат тапсырғандардың бірі. Отандық және алыс-жақын шет елдерде білім алып жатқан  600 үміткердің арасынан 20-ден астамы компанияның аға буын қызметкерлерімен сұқбаттасудан өткен.

«Топтағы 3 түлек – өзім білім алған  Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің түлектері болғандығы мен үшін үлкен мәртебе еді. Сондықтан, биылғы түлектерді сайысқа қатысуға шақырамын»,– деп атап өтті Ә.Жапарғалиев.

Ал, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Жас Өркен» тағылымдамасына қатысуға өтінімдерді тіркеп қабылдау – бағдарламаның www.skcu.kz/zhasorken ресми сайтында жүргізілмек.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button