Жаңалықтар

«Жас келсе, іске»

    Биылғы жылы облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында 12 жобаға 95 млн. 362 мың теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде, жастарға ерекше серпін беретін «Жастарға арналған электронды журналы», «Дүйсенбілік футбол» жобасы мен коворкинг орталығын ашу іске асырылады. Бұл туралы Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас ҚҰТТЫБАЙ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Былтыр облыста жастарға арналған 29 жоба жүзеге асырылыпты. Басқарма, енді, олардың 12-сін ғана қалдырып, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша қызметтерді іске асыруға, бос қызмет орындары туралы ақпаратты ұсынуға бағытталған жұмыстарға күш салмақшы. Сондай-ақ, түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылмақ.

Елбасымыз 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адами капиталға баса назар аударып, білім-ғылым мен жаңа технологияларды игеру ел дамуының басты бағдары екенін атап өтіп, негізгі 10 бағытты белгілеп берді. Оның ішінде, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» ірі жобасы аясында «биг дата», «блогчейн», «смарт сити» секілді цифрлық технологиялардың трендтерін күнделікті қолданысқа енгізіп, әрі қарай дамытуды мақсат етіп қойды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыратын – әлеуеті мол білімді жастар, ал игілігін көретін – барша қоғам болмақ. Біз Елбасының Жолдауы аясында бірқатар жобаны жолға қойдық. Мәселен, жастар кез келген уақытта өзіне қажетті ақпаратқа қол жеткізе алуы үшін облыста арнайы жоба – электронды журнал іске қосылады. Ол жұмыс іздегендер қайда бару керектігі, аймақта жүзеге асырылып жатқан жастар бағдарламалары, қайта оқудан өту бойынша бағдарламалар мен бос жұмыс орындары, сонымен қоса, өз бизнесіңді ашуға грант алу тәсілдері туралы ақпараты бар мобильді қосымша ретінде болады.

Ірі жобалардың тағы бірі – жастарға арналған коворкинг орталығын ашу. Коворкинг орталығы – ол ІТ-технологияларды оқып, зерттеу және бағдарламалау курстарын ұйымдастыра алатын, сонымен қатар, өз ісіңді ашу бойынша кеңес беретін мекеме. Коворкинг орталығының артықшылығы мұнда жастар жиналып, өз идеяларын жүзеге асырады. Мысалға, бір азаматта қандай да бір идея пайда болса, ол осы жерге келіп өз ойымен бөлісіп, өзгелердің ақыл-кеңесіне салады. Пікірлес адамдарды тауып, идеяны бірігіп жобаға айналдыру мүмкіндігі бар. Мұндай тәжірибе Алматы мен Астанада бар, біз де олардың тәжірибесіне сүйене отырып, өзіміздің жастардың дарындарын жетілдіріп, қолынан іс келетін кадрларды ұйымдастырып, жергілікті экономиканы дамытуымыз керек, – деді Мирас Құттыбай.

Басқарма басшысының айтуынша, жұмыссыз жастарға және жұмыспен қамтылған жастарға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде қалалық базарларда нәпақасын тапқан жастарды мамандықпен қамту алғашқы орынға қойылған. Оларға арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмысқа орналастыру мен қайта оқудан өту бойынша бағытты көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, мұндай жастарға арналған «Дүйсенбілік футбол» акциясын өткізу жоспарға енгізілген. Бұл шараға қатысушылар бір ғана спортпен шұғылданып қоймай, бір-бірлерімен әңгімелесіп, пікірлерімен және идеяларымен бөлісуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қызметтер, аймақтық деңгейде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға арналған игі шаралар, жасөспірімдер мен жастардың патриоттық ой-санасын қалыптастыру, олардың рухани адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық және дене мүмкіндігін дамытуға көмек көрсетілетін болады.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында 14-28 жастағы 304 269 жас бар. Бұл – облыс халқы санының 22% құрайды деген сөз. Қала жастарының саны – 231 733 адам (76,2%), ауыл жастары – 72 536 адам (23,8%). Республика көлемінде жастар санының көптігі бойынша облысымыз 4 орында. Бүгінде облыстың аймақтарында 19 жастар ресурстық орталығы қызмет атқаруда.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button