Жас буын – жаңа дәуірдің қозғаушы күші

   Бүгінде жастар саясаты дамудың жаңа кезеңінде тұр. Оның басты мақсаты – жастардың қалыптасуы мен жан-жақты дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау, қоғам мүддесі үшін олардың шығармашылық әлеуетін жоғарылату болып табылады. 

   Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында жастарға ерекше назар аударды. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп атап өтті Ұлт көшбасшысы.

Қарағанды облысының әрбір төртінші тұрғыны – 14-29 жастағы жас азамат.

Облыста 19 Жастар ресурстық орталықтары қызмет етеді. ЖРО қызметі жастарға психологиялық, құқықтық көмек көрсетуге, бастамаларын қолдауға, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге, іс-шаралар өткізуге, ақпараттық жариялауға, жастар саясатын жүзеге асыру мәселелеріндегі қажеттіліктерге талдау жүргізуге бағытталған. 2017 жылы жастар саясаты саласында 265 мың адамның қатысуымен 3 мыңнан астам іс-шаралар өткізілді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында және  қоғам қайраткері, ұлы би Қаздауысты Қазыбек бидің өмірі, тұлғасы мен белсенді мемлекеттік саяси қызметінің маңызын айшықтау мақсатында 2017 жылдың тамыз айында ауқымды іс-шара – «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» халықаралық автокеруені өткізілді. Автокеруеннің өткізілуі халық арасында, бірінші кезекте жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге, кіші Отанға деген өзінің махаббатын білдіруге, жалпы алғанда туған жерге, оның мәдениетіне, халықтың салт-дәстүріне деген ерекше қарым-қатынасты қалыптастыруға жағдай жасады.

Өткен жылдың қараша айында мемлекет пен жастардың өзін-өзі басқаруы өкілдерінің өзара ынтымақтастығын дамыту, жастардың өзін-өзі басқару қызметіне жастардың тартылу деңгейін арттыру мақсатында  «Жастардың өзін-өзі басқаруы мемлекетпен өзара қарым-қатынас құралы ретінде» атты жастардың өзін-өзі басқару көшбасшыларының аймақтық слеті өткізілді. Слеттің аясында жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Жастар саясатындағы басым сұрақтардың бірі жұмыспен қамту мәселесі болып табылады. 2017 жылдың  қорытындысы бойынша  24096 жас азамат нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларының құрамына  енгізілді. Оның  20104-і жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде жастар тәжірибесіне – 1147 адам.  Жастарды жазғы демалыс уақытында жұмыспен қамту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы ұйымдастырылды. Еңбек маусымында 1270 сарбаз жұмыспен қамтылды. 2016 жылмен салыстырғанда еңбекақылары 18 мың теңгеге ұлғайып, 60 мың теңгені құрады. 2017 жылы жалпы қаржыландыру көлемі 90 млн. теңгені құрады. 2018 жылы «Жасыл ел» жобасының бюджеті 100 млн. теңгеден асады.

«Дипломмен ауылға» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Оның аясында 151 жас маман жұмысқа орналастырылды. 2017 жылы 95 маман жалпы сомасы 15 млн. 88 мың теңгенің көтерме жәрдемақысын алды. Тұрғын үй алу үшін 39 маманға жалпы сомасы 131 млн. 673 мың теңгенің несиесі берілді.

Жыл сайын бізбен жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау бойынша ұзақмерзімді жоба жүзеге асырылады. 2017 жылы 3,5 млн. теңгенің 10 гранты табысталды. Осындай жобалар облыстың аймақтарында да іске асырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2018 жылы әр жобаға берілетін грант 1 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды.

Әр жеңімпаз жұмыспен қамту органдарында тіркелген бір жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру қажет, сонымен қатар, оны бес ай бойы 40 мың теңге шәкіртақы төлей отырып оқытатын болады.

Медициналық кадрларға деген тапшылықты жою үшін жас мамандарға қызметтік тұрғын үй берілуде. Мәселен, денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша 2017 жылы Балқаш қаласындағы жас дәрігерлерге 18 пәтердің кілті табысталды. Осындай жұмыстар облыстың басқа аймақтарында да жүзеге асырылуда (Саран, Шахтинск, Сәтбаев, Жезқазған, Абай қалаларында).

Дегенмен, жастардың жұмыссыздық деңгейі өз  деңгейінде қалуда және 2017 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша 5% құрап отыр (2016 ж. ІІІ тоқсаны – 5%). Бұл өз кезегінде, аудан және қала әкімдерімен, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен, «Атамекен» ҰҚП бірлескен ақпараттық-насихаттау және түсіндіру жұмыстарын белсендіруді қажет етеді.

2017 жылы 14-28 жастағы жастар арасындағы NEET үлесін төмендету мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар жиналатын орындарда 19 кездесу өткізіліп, онда жалпы 300 адам қамтыла отырып ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

2017 жылы біздің облыс Халықаралық Қайта құру және Даму банкінің «Жастар корпусын дамыту» жобасы жүзеге асырылған пилоттық облыстардың қатарына кірді. 70 әлеуметтік жоба  жүзеге асырылып, оған 241 адам қатысты. Жобаларды гранттық қаржыландырудың жалпы сомасы 70 млн. теңгеден астамды құрады. Сонымен қатар, қатысушылар ай сайын шәкіртақы алып отырды, жалпы төленген сома 4 млн. 400 мың тенгені құрады. Бұл – өңір жастарына, олардың әлеуетінің дамуына бағытталған үлкен инвестициялар.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2017 жылы 3,5%-ға NEET үлесінің төмендеуі байқалады (2016 ж. ІІІ тоқсаны – 16,9%, 2017 ж. ІІІ тоқсаны – 13,4%).

Аталмыш сұрақ облыс әкімінің тікелей бақылауында. Қазіргі уақытта бізбен Қарағанды облысының маргиналды жастарымен жұмысты ұйымдастыру тұжырымдамасының жобасы әзірленді, оның аясында Саран, Шахтинск қалаларында, Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарында мониторингілеу механизмдерін енгізу жүргізілуде.

Жастар ортасын радикалды ойлардан алшақтату мақсатында мемлекеттік органдар діни және қоғамдық бірлестіктермен бірлесе әртүрлі форматтағы, жоспарлы жұмыстар ұйымдастырылды.

Дегенмен, аталмыш салада айқындалған мәселелі сұрақтардың бар екенін атап өткен жөн. Біздің аймақтың білікті кадрлар-теологтармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеуі бірқатар қиындықтар тудыруда. Облыс бойынша теологтарға деген қажеттілік 29 адамды құрап отыр.

«Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» республикалық жастар форумы аясында Қарағанды облысының әкімі мен «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры арасында теологтарды дайындау бойынша меморандумға қол қойылды. Осыған орай,  алғыс айту күні 500 мың теңге көлеміндегі облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы табысталатын болады. 10 жас азамат шәкіртақы иегерлері атанады.

Жастар саясаты саласындағы маңызды сұрақтардың бірі – балалар үйі түлектерін әлеуметтендіру.

Осы мақсатта 2013 жылдан бастап облыстық жастар ресурстық орталығы жанында балалар үйі түлектерін әлеуметтік бейімдеу қызметі жұмыс істейді. 2017 жылы қызмет мамандарымен 120 адамды қамтыған 126 құқықтық және психологиялық кеңес берілді, 660 адамды қамтыған 6 жоба бойынша тренинг элементтері бар оқытулар өткізілді.

Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту бойынша Кешендік жоспары жүзеге асырылуда. Өткен жылы осы санаттағы жастарға 46 пәтер табысталды. Бұл жоспардың 68%-ын құрады.

Балқаш, Приозерск, Саран, Сәтбаев, Шахтинск, Теміртау қалалары жоспарланған көрсеткіштерді асыра орындап, Осакаров ауданында міндеттемелер толық көлемде орындалғанын атап өткен жөн. Жалпы, аталмыш санаттағы жастар үшін тұрғын үй бөлуде оң динамика байқалуда.

Волонтерлік топтардың қызметі қарқынды дамуда. Бізде 70 топ бар, олардың жұмысына 1500 жас азамат қамтылған. Аталмыш топтарды біріктіру үшін облыстық «Волонтерлік корпусы» қызмет етеді. Волонтерлер қайырымдылық акцияларын өткізеді, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетеді, облыстың және республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады. Мысалы, облыстың 250 волонтері  «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесін өткізуге қатысты.

Аймақ жастары үшін жемқорлықпен, жұмыссыздықпен және кедейшілікпен байланысты әлеуметтік маңызды сұрақтар неғұрлым өткір болып табылады.

2018 жылы жастар саясаты саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 12 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде жаңа жобалар:

«Жастар үшін электрондық журнал»;

ортақ ойлар мен пікір алмасуға, жобалармен жұмыс істеу үшін қажетті техникамен қамтылған коворкинг орталығының ашылуы;

базарларда жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар үшін «Футбол дүйсенбі сайын»

Сонымен қатар, атаулы мерекелі күндерге арналған ауқымды имидждік іс-шаралар өтеді:

Отанымыздың астанасы – Астана қаласының 20-жылдығына;

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына;

ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының іс-шаралары аясындағы Мағжан Жұмабаев жылына;

Өзбекстанның Қазақстандағы жылы және тағы басқалары.

2017 жылы жастар саясаты саласында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Біз жастардың маңызды және мәселелі сұрақтарын шешу жолдары мен механизмдерін үнемі жетілдірудеміз.

М.ҚҰТТЫБАЙ,

Қарағанды облысының жастар

саясаты мәселелері жөніндегі

басқармасының басшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.