Ұлытау

Жас буын – белсенді

     Ұлытау ауданының жастар қауымы мамыр айындағы маңызды мерекелер аясында біршама берекелі істерге ұйытқы болып, өздерінің қоғамдағы қозғаушы күш екендігін тағы бір мәрте даусыз дәлелдеп берді. Олардың ел көңіліне қонымды һәм белсенді әрекеттері жалпы қоғамның ризашылығын туындатты.

Мәселен, ел аумағында тұрақты түрде жүргізілетін «Ардағым – Ардагерім» акциясы аясында жезділік өрендер Ұлы Отан соғысының ардагері Нығмет Махановты мерейлі мерекесімен құттықтап, үй ауласындағы шаруашылық жұмыстарын ретке келтіруге қолғабыс жасады. Сонымен қатар, арнайы түзілген іс-шаралар бағдарламасы аясында жастар арасында волейболдан бәсекелі жарыс ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, аудандағы мекеме-кәсіпорындар арасында аудан әкімінің тікелей қатысуымен өткізілген далалық әскери-спорттық және патриоттық сайысында кіл жастар өкілдерінен құрылған команда өрелі ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі II орынды иеленді.

Ұлы Жеңіс күні мерекесі аясындағы іс-шараларға шақырылған тыл еңбеккерлерінің омырауына Жеңіс лентасын әзірлеп-тағу, шеруге шыққан көліктерді безендіру жұмыстарын да белсенді жастар қауымы жүзеге асырды.

Қарсақбай кентіндегі салтанатты рәсім барысында флеш-моб ұйымдастырылып, жастар өкілдері аудан аумағындағы барлық селолық округтерде өткізілген іс-шаралардың бел ортасынан табылды.

– Мемлекеттік маңызы бар мерекелерде біздің буынның белсенді іс-қимыл танытуға ықыласты болуы – заңдылық, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы Гаухар Төлеубай.

– Себебі, елдің ертеңі – жастардың еншісінде. Бүгінгі күні атқарылған істер – кемел келешектің нәрлі жемісі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button