Руханият

Жас батырлар марапатталды

23 қаңтарда Сұрыптау тұрғын аймағындағы Жеңіс көшесінде тұрғын үйге жапсарлас салынған қазандықта өрт шықты. Көрші үйде тұратын № 12 жалпы білім беретін мектеп оқушылары Ерасыл мен Қанат Смағұловтар қарт көршілерге ауланы қардан тазартуға көмек көрсетіп жатқан. Олар қазандықтан шыққан түтінді көріп, көмекке жүгірді. Жасөспірімдер үй ішіндегі екі балдаққа сүйенген зейнеткерге сыртқа шығуға көмектесті. Ағайынды Смағұловтар мен олардың көршісі Русланның жедел әрекетінің нәтижесінде екі адам құтқарылды, өрттен келуі мүмкін залал барынша азайтылды.

Жас құтқарушылар көрсеткен батылдығы, батырлығы және батыл әрекеттері үшін марапаттауға ұсынылды. 25 қаңтарда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларға Алғыс хат жолдады:

«Мен Сіздерге адам өмірін сақтап қалуға көмектескен батыл, қаһармандық әрекеттеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өз өмірлеріңізге қауіп төндіре отырып, Сіздер нағыз батырлық жасадыңыздар және үлкен қиындықтың алдын алдыңыздар. Мұндай әрекет үлкен батылдық пен табандылықты қажет етеді. Менің ойымша, бұл нағыз батырлардың әрекеттері. Болашақтарыңыз жарқын болсын!», – деп жазды министр Алғыс хатында.

30 қаңтарда мектеп оқушылары мен педагогтердің қатысуымен білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова оқушылар Қанат (8-сынып) және Ерасыл Смағұловтарға (9-сынып) – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің атынан Алғыс хатын, Білім басқармасының басшысы атынан балалардың анасы Айнұр Смағұловаға Алғыс хат және балалардың әрқайсысына естелік сыйлықтар табыстады.

Мұнымен бірге, облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Н.Бекбосынов жас батырларға «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін табыс етті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button