Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Жас барыстарды» Өскемен күтеді

Сенбіде Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежі дүбірге бөленді. Балуандар бозкілемде таңнан кешке дейін белдесті. Егемендігіміздің 30 жылдық мерекесі қарсаңында қазақ күресінен өткен облыстық «Жас барыс» іріктеу турнирін айтамыз. Турнирдің ашылу салтанатына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ және Желтоқсан оқиғасының қаһармандары қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі.

Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Бейсембайұлы турнирдің ашылу рәсімімен құттықтады.

Баршаңызды тәу етер Тәуелсіздігіміздің мерейлі тойымен құттықтаймын. Азаттық жолында ата-бабаларымыз ғасырлар бойы күресті, арпалысты. Оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, бағалағанымыз абзал. Алапат ашаршылықты да, сұрапыл соғысты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Еншімізді алдық. Өз алдымызға отау тіктік. Тіліміз, дінімізбен қайта қауыштық. Міне, бүгінгі дода сол егемендігіміздің игілігі. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жас балуандарға сәттілік тілейміз. Елдігіміз ғұмырлы, егемендігіміз тұғырлы болсын, – деп лебізін білдірді.

Жарыстың құрметті қонақтары атынан сөз алған республикалық «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абай Жұмабайұлы: «Жастар, еліміздің ертеңі өздеріңізсіздер. Сіздер бақыттысыздар. Біздің уақытымызда зәулім спорт сарайлары болмаған. Мүмкіндіктеріңіз көп. Үлкен әлемдік додаларда еліміздің атын асқақтата беріңіздер», – деді.

Турнир үш жас ерекшелігі бойынша өтті. Балуандардың дайындықтары тыңғылықты. Карантиннің кедергі келтіргені сезілмейді. Жан-жақтан жиылған балуандар жанып тұрғанын айтады бас төреші Нұрмұхамед Жайлаубай.

Облыстың түпкір-түпкірінен 300-ге тарта балуан бақ сынады. 28 салмақта жүлделер сарапқа салынды. Жеңіс тұғырынан көрінген балуандар 6-8 желтоқсан күндері Өскемен қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Алдағы бәсекеде жеңімпаздар Арқаның намысын жерге жықпайды деген сенімдеміз. Өйткені, жас балуандардың қарым-қабілеттерінің жоғары екеніне тартысқа толы турнирде көзіміз жетті.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суретті түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button