Руханият

Жас бөрілердің жарысы

Өткен демалыс күндері Қарағанды қаласында көкпардан жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті. Бір жағынан республикалық чемпионатқа іріктеу есебінде өткізілген сайысқа Қарағанды қаласының, Ақтоғай, Нұра, Бұқар жырау, Шет және Қарқаралы аудандарының командалары қатысты. Тартысты өткен доданың қорытындысы бойынша бірінші орынды Қарқаралы ауданының командасы жеңіп алды. Екінші орын Ақтоғай ауданының еншісіне тисе, Нұра ауданы жүлделі үшінші орынға ие болды.

Сурет автордан

Қарқаралының аймақ көлемінде қарсылас шақ келтірмеген жас көкпаршылары енді осы қыркүйек айының соңында Шымкент қаласында өтетін көкпардан Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайды. Ұлттық спорттың білгірі Сүйіндік Серік баптайтын командада 2007-2009 жылдары дүниеге келген Олжас Ырзықбай, Әлиман Қалиакбаров, Ералы Талғат, Нұрислам Әнуарбек, Хасанали Таубай, Жарас Рахымбай, Салауат Сейсенбай, Бексұлтан Дүйсенхан, Нұралы Талғат, Әділ Ерболұлы, Ералы Төкен, Нартай Ноғаев сынды өрендер өнер көрсетіп жүр.

– Қарқаралы ауданының жасөспірімдер командасы былтыр Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында да Қарағанды облысының намысын қорғап, екінші орыннан көрінген болатын, – дейді бапкер Сүйіндік Әбдрахманұлы. – Биыл Шымкенттегі көкпарда одан да жақсы ойнауға тырысып, барымызды саламыз. Команда мүшелерінің қай-қайсысы да ат құлағында ойнаған, физикалық даярлығы мығым боз­балалар. Ойыншылардың мініп жүрген аттары да көкпарға әбден машықтанған, бабы келіскен арғымақтар. Сондықтан, намысты қолдан бермейміз!

Қарқаралы ауданында ұлттық спорт түрлерін дамытуға қолдау жасалады. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі спортшылардың жаттығуы мен жол шығындарын өз мойнына алған. Бөлек жасақталған ересектер мен жастардың көкпар командалары бар. Жасөспірімдер сайысынан қазірдің өзінде олжалы оралып жүрген жас спортшылар жас ерекшелігіне қарай біртіндеп жоғары командаларға ауысып отырады.

Айтқандай, осы айтып отыр­ған облыстық чемпионат Қарағандының «Күнгей» шағын ауданы мен Үштөбе ауылының арасындағы осыдан үш жарым жыл бұрын атшабарға (ипподром) деп арнайы бөлінген жерде өтті. Атшабар салынады деп белгіленген 50 гектар жер әлі күнге болашақ құрылыс алаңы болып, төрт қазығы қалқайған күйі жатыр… Қоңторғай жағдайына томсармай республикалық бәйгелердің басынан көрініп жүрген ұлттық спортымыздың бапкерлері мен шәкірттеріне рахмет, аттың айналуына келетін кез келген жерде жаттығып-ақ аудан мен облыстың қоржынына жүлде салып жүр. Қарқаралының жас көкпаршыларына енді Шымкентте өтетін сайыста сәттілік серік болсын дейміз.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button