Халық КонституциясыЖолдау – 2026

«Халықтық құрылыс» бастамасы – дамудың алғышарты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің ресурстарын тиімді пайдалану және оларды экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағыттау негізгі міндеттің бірі ретінде айқындалды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін инфрақұрылымға инвестиция салу, өндірісті қолдау, әлеуметтік саясатты жетілдіру және мемлекеттік басқару жүйесін реформалау  сабақтаса отырып қарастырылды.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасы алдағы жұмыстардың ауқымын айқындайды. Атап айтқанда, ауруханалар, мектептер, жолдар, энергетикалық және коммуналдық нысандар салу көзделген. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық кәсіпорындарға тапсырыстар беруге және өз технологияларымызды дамытуға бағытталған. Ұлттық қор қаражатын пайдалану ұзақ мерзімді экономикалық және әлеуметтік нәтиже беруге, жеке капиталды тартуға және шығыстардың тиімді жұмсалуын бақылауға негізделуі тиіс.

Энергетика, көлік-логистика, геологиялық барлау, шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу салалары елдің даму және реформалар бағытының өндірістік негізін қалыптастырады. Республикалық деңгейде де, өңірлерде де білім беруді, қолданбалы ғылымды, суды үнемдеу технологияларын және кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беру маңызды болып қала береді.

Бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізу, мемлекеттік және өзге де сатып алуларға қатысу мүмкіндігі, әділ бәсекелестік пен тұрақты әрі болжамды ережелер шешуші мәнге ие. Салық нормаларын түзету, экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыстық сипаттан арылту және азаматтық заңнаманы жаңарту инвестиция тартуға және жұмыспен қамтуды арттыруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға бағытталуы керек. Осы мақсатта банк жүйесіндегі өтімділік, даму институттары мен капитал нарығы нақты секторды қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Халыққа бағдарланған цифрлық экономика әрбір азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан табыс табуына, өнім өндіруіне және оны өткізуіне кең мүмкіндік беруді көздейді. Осыған байланысты жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық платформаларды дамыту және активтерді токенизациялау түсінікті әрі тиімді құқықтық реттеуді, қолжетімді инфрақұрылымды және халықты еңбектің жаңа нысандарына даярлауды талап етеді.

Әлеуметтік күн тәртібі ана мен баланы қолдауды, медицинаны дамытуды, инклюзивті білім беруді, ауруларды ерте диагностикалау мен оңалтуды, мұғалімдерге түсетін жүктемені азайтуды және олардың қадір-қасиетін қорғауды қамтиды. Жалақыны арттыру шаралары инфляцияны тежеу саясатымен қатар жүргізілуі тиіс. Әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж адамдарға бағытталуы үшін азаматтардың қажеттіліктерін дәл бағалау, жаңа тетіктерді алдын ала сынақтан өткізу және әр отбасының жеке жағдайын ескеру қажет. Бұл міндеттердің жүзеге асуы мемлекеттік басқарудың сапасына тікелей байланысты.

 «Адал азамат» тұжырымдамасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты –белгіленген міндеттердің орындалуына кәсіби әрі қоғамдық жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Жолдаудың іске асырылу тиімділігі нақты нәтижелер арқылы бағалануы керек. Олардың қатарында халықтың нақты табысының өсуі, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, кәсіпкерліктің дамуы және еліміздің барлық өңіріндегі азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту бар.

Жолдауда күнделікті өмірде нақты сезілетін, отбасылық бюджетке, еңбек жағдайларына және кәсіпкерлердің өз ісін алаңсыз жүргізу мүмкіндігіне тікелей әсер ететін мәселелер де қамтылды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге дейін көтеру, учаскелік медициналық мамандардың еңбекақысын арттыру, инфляцияны тежеу шараларын бақылау және іске асыру да айтылды.  Сондай-ақ бизнес субъектілерін тексеруге жаңа мораторий енгізу мәселесін талқылау жөніндегі ұсыныстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Айжан ҚИЯСОВА
Қарағанды  облысы  әкімінің  гендерлік  теңдік  мәселелері жөніндегі  штаттан  тыс  кеңесшісі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button