НұраРухани жаңғыру

Жарты ғасыр жұбын жазбаған

    Нұра ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аптал азамат Сейілхан Оспанбайұлы мен мейірімді жан, аяулы ана, адал жар Сара Хамитқызының шаңырақ көтергендеріне 50 жыл толып отыр…

Ана өсиеті

Сейілхан аға әңгімесін былай бастады…

1967 жыл. Техникумды бітіріп, ауылға келіп агроном болып жұмысқа кірістім. Әкей де осы шаруашылықта. 4 жыл соғыста болып жарақат алып оралса да, жұмыстан қол үзген емес. Ал, мен соғыстан кейін ел есін енді жинай бастағанда туған екенмін. Әрине, әке-шешемнің зарыға күткен баласымын, еркін өстім, не кием, не ішем демедім. Сол жылы шешей көп ауыра берді, байқаймын ауру меңдеп бара жатқан сияқты. Күнде жұмыстан келе жатқанда әуелі ауруханаға анама соғамын. Бір күні анам «кел қасыма отыр, әңгіме бар» деген соң, кереуетінің шетіне жайғастым.

Балам, мына ауру мені айналдырып кетті, оңайлықпен шығатын емес. Мен олай-бұлай боп кетсем әкең екеуіңнің жағдайың не болады? Сондықтан үйлен. Осы ауруханаға бір тамаша медбике қыз келіпті. Қаланыкі болғанымен, өте биязы, тәртіпті. Сен сол баланы көрсеңші, – дегені.

Менің ойымда ештеңе жоқ еді. Сасқалақтап қалдым да, үн-түнсіз шығып жүре бердім. Үйге келген соң ойға баттым. Анамның өлім мен өмірдің арасында бола тұра, мені ойлағаны жүрегіме қатты батты. Ананың адалдығына, әділдігіне, мейірімділігіне, ұлылығына, ана барда өмірдің өшпейтініне көзім жетті.

Сонымен, сөзін жерге тастамай, сол жылы мен Сараға үйлендім. Ана жүрегі қателеспепті. Сара маған адал жар болды, ұрпақ сыйлады. Жұмыстан келгенімде күлімсіреп қарсы алды, әйелдікке салынып қарсы сөз айтып, қабақ шытпады. Ата-анамды қатты сыйлады, күтті. Балаларға жақсы тәрбие берді. Тағдырыма ризамын. Міне, оған да жарты ғасыр өтіпті.

Ана тәрбиесі – өмірлік азық

Сара Хамитқызы 1947 жылы Теміртау қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі Хамит Тайжанов Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер органының полковнигі, 1958 жылы Мәскеу қаласында госпитальда қайтыс болып, сонда жерленді. Анасы Күлжәмилә Шакенқызы ұзақ жылдар бойы балабақша меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Ал Сара болса, 1965 жылы Теміртау медицина училищесін бітіріп жолдамамен Жараспай ауылындағы ауруханаға медбике болып келді. Алтын шашты, бұрымы тілерсектен түскен ақсары жайдары қызды Жараспай ауылының тұрғындары да жылы қарсы алды. Өзі де тәрбиелі, жүзі жылы еді. Алдына келген емделушілерге жанының жылуын сыйлады, ісіне жауапты қарады. Осы елде 1967 жылы Сейілхан Оспанбайұлымен отбасын құрды. Үлкенге ізет көрсетіп, атасы мен енесін балаша мәпелеп күтті, ақ жуып, арулап соңғы сапарға жөнелтті.

Анасынан алған тәрбиеден Сара да өте пысық, еңбекқор болды. Үйі – таза, қазаны бүлкілдеп тұрады. Жолдасы Сейілхан басшылық қызметте болған соң үйден келімді-кетімді кісі де арылмайды. Олардың бәрін де қарсы алуға Сара мүмкіндік табады, ешқашан қабақ шытпайды. Жолдасының да алаңсыз жұмысын істеуіне барлық жағдай жасап отырды. Балаларға да дұрыс тәрбие берді. Жоғары білім алып, әр салада қызмет етіп жүрген балаларының бүгінде өз отбасылары бар. Бақытгүл мен Айжан – экономист, Бақытжан мен Әсем – заңгер, Жанар – технолог. Сара апай Сейілхан ағамызбен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аяулы жар, бақытты ана, немерелеріне сүйікті әже. Құда-құдағиларына сыйлы.

Осыдан 50 жыл бұрын жас маман болып келген, одан келін боп түскен Жараспай ауылы ол үшін жер шарындағы ең ыстық мекен. Себебі – осы ауылда еңбек жолын бастады, өзіне өмірлік жар тапты, өмірге ұрпақ әкеліп, немере сүйді. Ауыл тұрғындары Сара апай деп сыйлайды, алдынан кесе көлденең өтпейді, ақыл-кеңес сұрайды. Ал ол болса ешкімнен де көмегін аяған емес.

Менің осындай үлкен отбасының шуағы болып отырғаным – анам Күлжәмиләден, сосын ата-енемнен алған тәрбиенің арқасы. Солардың алдында басымды иемін, үлкенді сыйладық, одан еш кемдік көргеніміз жоқ,– дейді Сара апай.

Ұяда не көрсең…

Жақында Сейілхан ағай мен Сара апай екінші немересін ұзатты. Немересін шығарып салып тұрып бата берген Сейілхан ағай:

Балам, сен әжеңнен тәрбие алдың. Әжеңнің мені қалай сыйлайтынын көріп өстің. Сен де барған жеріңде сондай тәрбиелі бол, азаматыңды сыйла! – деді.

Иә, отбасында алған тәрбиенің орны бөлек. Адам баласына бұл дүниеде ең керегі жақсы мінез-құлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ізгілік, жұмсақтық, мейірімділік, татулық-бірлік. Қоғамымызда ұл мен қыз тәрбиелеп жатқан осындай өнегелі ата-аналар, ұяда дұрыс тәрбие көрген ұрпақтар көп болса, мемлекетіміздің нық іргетасы осы емес пе?!

Бикен АХМЕТОВА,

ҚР Журналистер

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button