Жаңалықтар

Жарнама тіліндегі өзекті мәселе

   Қарағанды қаласындағы «Премьер Отель» қонақ үйінде Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Тіл туралы» Заңның талаптарын сақтау бойынша семинар өтті.

Еліміздің латын графикасына көшу кезеңінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ҚР «Тіл туралы» Заңының орындалуы, облыстың елді мекендеріндегі деректемелер мен көрнекі ақпаратты, жарнамаларды тіл заңының талаптарына сай етіп орындауды қадағалау мақсатында өткізілген семинар барысында Қарағанды қаласындағы көше жарнамаларында әлі де болса бір жөнге қойылмай келе жатқан мәселелер талқыланды. Бүгінгі күні қазақ тілінің көрнекі жарнама тілі ретінде кемшілік тұсы басымырақ екені рас. Осы тұрғыдан қарағанда көрнекі жарнама тілі – үлкен мәселе тудырады.

–       Заң қасиетті қазақ жерін мекендейтін, қазақ халқының мәдениетін және ұлттық болмысын сыйлайтын әрбір азаматтың конституциялық парызы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін меңгеруін және қазақ тілінің республиканың барлық аумағында толық көлемде қолданылуын, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді қолдану құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Облыстың елді мекендеріндегі деректемелер мен көрнекі ақпаратты, жарнамаларды тіл заңының талаптарына сай етіп орындау – өзекті мәселелердің бірі болып отыр, – дей келе Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Айнұр Топаева семинарға қатысқан Қарағанды қаласындағы ірі сауда орталықтарының иелеріне сыртқы жарнамаларды заңға сәйкес екі тілде жазылуын, аудармасының дұрыс болуын қадағалауға баса назар аудару қажеттілігін айтты.

Семинарға қатысушыларға  Қарағанды қаласының «Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы» мекемесінің бас маманы Юлия Плужникова ҚР «Тіл туралы», «Жарнама туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңдарын толыққанды  түсіндіріп берді.

Мемлекеттік тіл мәселесінің жай-жапсарын талқылау – оның алдағы дамуына үлкен серпіліс бермек. Алдағы қызметіміздің бағдары семинар барысында аталып өткен кемшіліктерді жоюға толық мүмкіндіктеріміз бар және тіл саясатының заңнамалық актілерінің өңірде толыққанды іске асуына барлық күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз, – деп тарқасты семинарға қатысушылар.

Еліміздің латын графикасына көшу туралы Жарлыққа қол қойылып, жаңа кезең табалдырығында тұрған кезде жарнама тілі мен көше атауларының дұрыс жазылуы – қала келбетінің басты көрсеткіштерінің бірі болмақ.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button