Жарастық пен келісім – тату етер ел ішін

   Қарағанды облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі мен облыстық дін істері басқармасы бірлесе отырып, «Қазақстан – экстремизмсіз» тақырыбында қоғамдық келісім кеңестерінің форумын өткізді. Онда барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, Қазақстандағы діни тұрақтылық, оны ары қарай дамыту және халықтың рухани жарастығы жөнінде айтылды.

ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерін діни экстремизмге қарсы күрес жұмысына тарту туралы тапсырмасына сәйкес «Достық» үйінде ұйымдастырылған форумды Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайын жүргізіп отырды.

Осыдан ширек ғасыр бұрын Алматы қаласында рухани келісімнің бүкіләлемдік конгресінің бірінші сессиясы өткен болатын. Сонда Елбасының бастамасымен әлемдік діндердің, көптеген кофессиялардың өкілдері бір жерде бас қосып, ортақ мәмілеге, бәтуаға келіп, осы 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялау туралы құжатқа қол қойған. Бұл күннің мән-маңызын, ерекшелігін сіздерге айтып түсіндірудің өзі артық деп білемін. Өздеріңіз білесіздер, кез келген елдің, кез келген мемлекеттің дамуы үшін ең алдымен ішкі тұрақтылығы, халықтың бірлігі керек. Елбасы да осыны азаттық таңы атқан күннен бастап баса айтып келе жатқаны белгілі. Қазақта бір әдемі сөз бар: «Бетеге кетсе, бел қалады. Бектер кетсе, ел қалады. Берекең кетсе, нең қалады?, – деген. Сондықтан да, елдің ішкі бірлік-берекесі мемлекет дамуының алтын арқауы – деп бастады сөзін Ерлан Бейсембайұлы.

Осындай ынтымаққа шақырарлық өрелі ой өрбіткен модератордың алғысөзінен кейін ҚР Азаматтық қоғам және дін істері жөніндегі министрлігі, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Білім» ҚБ директоры Руслан Ержанов сөз алды. Руслан Самарханұлы өз кезегінде ойын Оңтүстік Корея теологтарының мысалымен астастыра жеткізді. Әркім өз пәтері, өз үйі, өз ауданы мен қаласында, қалаберді ортасы, Отанында жағымды орта қалыптастыра білуі керек. Діни келеңсіздік деген болмайды. Теріс ағымдардан туатын келеңсіз жағдайлар болмаса. Оның барлығы қанаттары енді-енді қатайып келе жатқан жас өркендерге үгіт-насихаттың дұрыс жетпеуінен. Дер кезінде дұрыс ақпараттанбай, басқа теріс бағыт алып кетуінен. Қоғамның солқылдақ тұсы да дәл осы жағдайлармен тікелей байланысты. Бұл ретте қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің атқарар қызметі орасан зор.

Форумға қатысушылар діни экстремизмге қарсы күресте аймақтардағы Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі және кеңес жұмысының пәрменділігін арттыру, діни саладағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен негізгі қағидаларын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, рухани кеңістіктегі қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері және мемлекеттің зайырлылығымен қатар, дәстүрлі құндылықтардың мызғымастығын үнемі назарда ұстап, жетілдіріп отыру жолдары да қарастырылды. Осы тұрғыдан келгенде ҚР Азаматтық қоғам және дін істері жөніндегі Министрлігі, дін істері жөніндегі Комитетінің ғылыми-сараптама және талдау орталығы, діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Ольга Гайконың баяндамасы татымды шықты.

Сондай-ақ, форум барысында аймақтағы қоғамдық келісім кеңестерінің қордаланып қалған кейбір мәселелері де талқыға түсті. Мәселен облыс бойынша 208 қоғамдық келісім кеңестері болса, солардың барлығы бірдей жұмыс жасап кетті дей алмаймыз. Десек те, 2013 жылдан бері Президенттің арнайы тапсырмасымен құрылған қоғамдық келісім кеңестер аймағымыздың түпкір-түпкірінде жұмыс жасап жатыр. Осы орайда, Жезқазған өңірі Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Ассамблея мүшесі Бекзат Алтынбековтің атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті Ерлан Құсайынов. Аталған кеңес жұмыстары ауыз толтырып айтарлық болса, керісінше осы күнге дейін Шет, Ұлытау аудандарының кейбір жерлерінде қоғамдық келісім кеңестері әлі құрылмаған көрінеді. «Біздің алдымызда осындай ақпараттар да бар», – дейді Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайынов.

Форумның екінші бөлігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған мәселелердің қоғамдық келісім кеңестері мен этномәдени бірлестіктерге қатысы төңірегінде болды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.