Жаңалықтар

Жарқын жоба – жаңа бастама

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос СӘРСЕНОВ «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын таныстырды.

Спикердің айтуынша, «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының мәні мен тұжырымдамасы қарапайым әрі түсінікті. Жобаның басты мақсаты – жол құрылысы, әлеуметтік объектілердің құрылысы, көгалдандыру және өзге салаларда қоғамдық бақылауды орнату.
Елбасының берген тапсырмаларына сәйкес, биылдан бастап ауылдық елді мекендердің дербес бюджеттері құрылып, жұмыс жасауда. Осы орайда «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының маңызы зор әрі өзектілігі жоғары болып отыр. Аталмыш жобаның жүзеге асырылуы ауылдық елді мекендерде құрылған бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуымен тікелей байланыс орнатпақ.
Жоба аясында бақылау үш түрлі тәсіл арқылы жүргізілетін болады.
Біріншіден, қоғамдық бақылау картасын қалыптастырудың қарапайым және күрделі емес тәсілдерінің бірі әлеуметтік желілер мен телефон байланысын пайдалану арқылы іске асырылады.
Осыған сәйкес, «Қоғамдық бақылау картасы» ол жалпыға белгілі әлеуметтік желілер мен байланыс орталығы, яғни, call-орталық негізінде құрылып отыр. Бұл үшін департаменттің «WhatsАpp» және «Telegram» мессенджерлері мен «В Контакте», «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерде аккаунттары іске қосылады.
– «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы тұрғындармен тығыз жұмыс жасауға өте қолайлы. Өйткені, желі арқылы азаматтар фотосуреттермен бірге бейнематериалдарды да жібере алады. Екінші жолы – қоғамдық бақылау картасын азаматтарға арналған «Qamqor» қосымшасы арқылы жүргізу көзделуде.
Үшінші жолы аудандарда құрылған арнайы мониторингтік топтар арқылы жүргізілетін болады. Бүгінде облыстың 18 өңірінде аудандық, қалалық арнайы мониторингтік топтар құрылып отыр,– деді Жандос Сәрсенов.
Арнайы құрылған бақылау топтарының негізгі мақсаты – тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін органдарды бақылау, олардың тиімділігі мен қолжетімділігін тексеру. Бүгінде облыстағы мемлекеттік қызмет түрлерінің басым бөлігі электронды форматқа көшірілген. Бұл да өз кезегінде қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың жүктемесін азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге өз септігін тигізбек.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button