Жаңалықтар

Жарқын болашаққа сенім

    Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ биылғы Жолдауында «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деп атап өтті. Алдымызға үлкен міндеттер қойып, оны жүзеге асыруда барша қазақстандық қоғамдық және прогрессивтік күштердің топтасатынына сенім артты.

Жаңа технологиялар өмірімізге оң өзгерістер енгізіп, жұмысымызда, азаматтық құқықтарымызды іске асыруда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жаңа сілкіністер әкелетін болады. Осы орайда, биылғы Жолдау мемлекет басшысының сындарлы саясатының заңды жалғасы екенін айту керек. Онда қазақстандықтардың өмір сүру сапасын түбірімен өзгерту және әрбір адамның тұрғын үй жағдайын қазіргіден жақсарту міндеті қойылған.

Он негізгі міндетті жүзеге асыруда елімізді индустрияландырудың артықшылығын ескере отырып, индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу қажеттігін баса айтты. Білім беру және денсаулық саласына ерекше орын берілді.

Адами капиталдың жаңғыру негізі екендігі атап өтілген. Алдағы уақытта да халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта беретін болады. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейтуді жолға қойды. Медициналық қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеруді міндеттеді.

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындап келеді. Оның жарқын дәлелі ретінде 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақының үш рет ұлғайғанын айтуға болады. Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 пайызға, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 пайызға өсті.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 пайызға, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 пайызға, стипендиялар 25 пайызға өсті.

Мемлекет басшысы бұл үдерестің алдағы уақытта да сақталатынын айтты. Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы он екі пайызға артып, төрт триллион теңгеден асып түспек.

Қазір бірінші топтағы мүгедек балалардың аналарына 18 жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. 18 жасқа толғаннан кейін бұл мемлекеттік жәрдем тоқтатылады. Алайда, мүгедектік жойылып кетпейді. Ол қашанда көмекке мүдделі. Қарайласатын ата-ананың да өз тарапынан жұмысқа орналасу мүмкіндігі бола бермейді. Мұның өзі қосымша материалдық шығынды қажет етеді. Міне, осыны ескерген Елбасы 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелеттік жасқа толған бірінші топтағы балаларды бағып-қағуға қосымша жәрдемақы енгізу туралы тапсырма берді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алатын болады.

Еліміздің ертеңгі жарқын болашағына апаратын мәселелер көтерілетін Жолдау – маңызды. Әр қазақстандық оны асыға күтетіні анық.

Гүлшат ОСПАНОВА,

Қарағанды облысы еңбек,

әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының

орынбасары, медицина

ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button