Жаны жайсаң Ғафу аға
Алматыдағы №9 қазақ мектеп-интернатын 1966 жылы бітірдім. Сол кезде Кəбдікəрім Ыдырысов ағамыз Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы екен. Ол кісі мені өзіне көмекші етіп жұмысқа қабылдады. Жазушылар одағында еңбек еткен кезімде Сəбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Сырбай Мəуленов, Қалижан Бекқожин, Хамит Ерғалиев, Əлжаппар Əбішев, Ғали Орманов, Ғафу Қайырбеков, Əбдіжəміл Нұрпейісов, Əбділда Тəжібаев, Мұзафар Əлімбаев, Мұхамеджан Қаратаев, Диқан Əбілов, Ильяс Есенберлин, Сапарғали Бегалин, Əбу Сəрсенбаев, Қалтай Мұхамеджанов сынды əдебиет майталмандарын көрдім.
Бұған қоса Аманжол Шамкенов, Сəуірбек Бақбергенов, Жаппар Өмірбеков, Əнуар Əлімжанов, Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев, Қабдеш Жұмаділов, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Тахауи Ақтанов, Тұманбай Молдағалиев, Сайын Мұратбеков, Əкім Тарази, Мұхтар Шаханов, Рамазан Тоқтаров, Жұмекен Нəжімеденов, Сəкен Жүнісов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Сафуан Шəймерденов жəне басқа да белгілі қаламгерлермен таныстым.
Олар Жазушылар одағына өз үйлеріне келгендей еркін еніп, фойеде кездесіп, бір-бірімен ұзақ əңгіме-дүкен құратын. Мұнда ақылды да дарынды жастар да жиі келетін. Солардың арасында Берік Ақбаев, Сағат Əшімбаев, Жарасқан Əбдірашев, Ибрагим Исаев, Нұрлан Оразалин, Рафаэль Ниязбеков, Аян Нысаналин, Роллан Сейсенбаев жəне тағы басқалары бар еді.
Жасы үлкен, қызметі жоғары болса да, бір көргеннен-ақ жатсынбай жаныңа өзі келетін, жайдары шырайлы жан – белгілі ақын ағамыз Ғафу Қайырбеков болатын. Ол кісі мінез-құлқымен де үлгі-өнеге беретін. Көзім көрмесе, араласпасам, олай деп айта алмас едім. Қашан байқасам, Ғафу ағамыз Жазушылар одағының екінші қабатындағы фойедегі диванда жас талапкер ақындармен əңгіме құрып отыратын. Ол кісінің қамқорлығын көрмеген жас ақын аз шығар. Ағаның адамға деген, əсіресе, жастарға деген жүрек жылуы бірден сезілетін. Өте биязы, сыпайы, жүзі жарқын жанды көрген сайын кеудеңе нұр құйылатын. Бұған қоса Ғафу ағамыз қашанда Қадыр, Тұманбай, Сағи, Шəміл, Дүйсенбек, Жарасқан, Қайрат, Шөмішбай сияқты ақындардың ортасында жүретін. Адамгершілігі мол, талантты Ғафу ақын айналасына нұрға толы сəуле шашып жүретін.
Көп жазушылардың арасынан Ғафу Қайырбеков қарапайым мінезімен, сыпайы сөз əлпетімен қатты ұнайтын. Көрген сайын халімді сұраумен шектелмей:
– Балақай, өлең жазып жүрсің бе? – деп сұрайтын.
Мен:– Ия, жазып жүрмін, – дегенімде,
– Қашан оқимыз? – дейді.
Өлеңдерін сүйсініп оқитын ақынның маған осындай жанашырлық танытып жүргені жаныма жағатын. Сол жылдары ағамыз «Қазақ əдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, сосын «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі болды. Мен С.Киров атындағы мемлекеттік университетке лаборант болып ауысқанымда Ғафу ағамыз Жазушылар одағында поэзия секциясына жетекшілік етті.
Өмірдің өзі қызық екен! 1970 жылы мен Москвадағы М.Горький атындағы дүниежүзілік əдебиет институтына түскенімде, Ғафу ағаның баласы Бақытпен бірге оқитын болдым. Бізбен бірге Қайрат Бақбергенов, Ерлан Сатыбалдиев жəне Жадыра Дəрібаева оқуға түсті. Қайрат пен Бақыт өлең жазатын болғандықтан Л.Озеровтың, ал біздер – Ерлан, Жадыра, мен Г.Хантемированың семинарына қатысып жүрдік.
Ғафу Қайырбековтің 1954 жылы «Құрдастар» атты тырнақалды жинағы жарық көрді. Содан кейін, «Дала қоңырауы» поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар», «Қанатты жылдар» сияқты жинақтарын, «Беласар» атты қос томдығын оқырман қауым үлкен ілтипатпен қабылдады. «Жұлдызды тағдырлар» атты өлеңдер жинағы үшін ақынға 1980 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ақынның алғашқы «Құрдастар» жыр жинағы алғашқы сезімге, сүйіспеншілікке, махаббатқа арналған. Ақын айды суреттесе де, түнді тамашаласа да, ойға батса да, бір уақ тіршілік тауқыметіне шырмалса да өзінше буырқанады, өзінше шамырқанады, өзінше сілкінеді, өзінше мұңаяды. Ғафу ағаның суреткерлік бітімін, образдық ойлау əлемін ешкіммен салыстыруға болмайды.
Ғафу ағамыздың қаламынан туған дүниелер өзі өскен ортаның жай-күйінен хабар берер жанды суреттер. Ол – қазақ поэзиясын сыршыл лирикасымен, эпикалық поэмаларымен байытқан ақын. «Жазылмаған кітап» атты жырында бүкіл ішкі сезім табиғаттың тілімен керемет жеткізілген:
«Күн еңкейіп, көлеңке есіп бауырда,
Соңғы сəуле аз қонақтап тау, қырға,
Қандай жақсы, қырауытып алыста
Кешке жақын келе жатсаң ауылға!»
Ақынның публицистика саласына қосқан үлесі де зор. Қаламгердің «Ақжелкен», «Жел қайық» атты публицистикалық жинақтары публицистика саласындағы классикалық қорға енген мұралар. Бүгінгі жас тілшілерге үлкен əдістемелік оқу құралы болары анық.
Қаламгер шығармаларының негізгі тақырыптары – ұлттық ұстаным, достық пен бауырмалдық. Публицистикалық шығармаларының лексикасында теңеулер, эпитет, метафоралар өте көп. Əрбір қимыл, əрбір көрініс, əрбір құбылыс жалаң берілмей, үнемі тапқыр теңеу, ұтымды эпитеттер арқылы келеді. Теңеулерінің барлығы халықтың ұғымына қонымды.
Жан жары Бəдешке арнаған жолдарында:
«Астанада көшесі бар Гогольдің,
Астанада қызыл гүлдей жарым бар.
Сол көшемен мендік бақытты өмірдің,
Сол жарыммен қыдырған бір шағы бар», – дейді.
Бұл жолдардан Горький атындағы мəдениет саябағын жырлай отырып бұл жолдарды өмір бойы қасынан табылатын жары Бəдешке арналған сияқты. Өз жарын ағамыз Гоголь көшесінде орналасқан Қыздар педагогикалық институтынан тапқанын жүрегіміз сезеді.
Бəдеш анамыз ақын ағаға тұрарлық жар еді. Олар қашанда бірге жүретін. Ағамыз қайда барса, Бəдеш анамызды қасынан тастамайтын. Олар қырық жылдан астам уақыт қос аққудай жарасып өмір сүрген жандар.
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында Бұқар жырауға ескерткіш қойылған жылы сол ескерткіштің ашылуына танымал ақын-жазушылармен бірге Ғафу аға да келді. Қасында Бəдеш апамыз бар. Мен ол кезде «Орталық Қазақстан» газетінде тілшімін. Сапарға қаладан бірге аттандық. Ағамыз менен хал-жағдайымды сұрап, жаны қалмай жатыр. Менің кезінде өлең жазатынымды ұмытпапты: «Алматыға келсеңші, көмек керек болса көмектесейін», – деп сол баяғы қалпымен, маған жанашырлық жасап қояды. Қатты риза болдым.
Кезінде Қалижан Бекқожин Ғафу ағамыздың ақындығы туралы:
«Қайнардай нөсерлейтін алғыр ақын,
Жырың – нəр, жұрт сусынын қандыратын» деген екен.
Бабаларымыз: «Атадан ұл туса екен, ата жолын қуса екен» деп бекер айтпаса керек. Ғафу ағамыз артына өшпес із қалдырды. Қырықтан астам кітабы жарық көрді. Ақынның ұлы Бақыт – бүкіл қазақ қадір тұтқан текті ағамыздың тұяғы. Ғафу Қайырбеков тірі болғанда биыл 95 жасқа толар еді. Ол өз жырлары мен шығармалары арқылы жас ұрпаққа көп сыр қалдырған талант. Ғафу ағаның өлеңіне ғашық жандардың көп екеніне өз басым сенімдімін. Сырлы жырлар жанымызға азық болсын!
Баянды ӘЛПИ,
журналист, ақын, жазушы