Бас тақырып

«Жанам» деген жүрекке от береді

Мемлекет қолдауы «жанамын» деген жүрекке от бе­реді. Әсіресе, өз бизнес жос­парын әбден пісіріп әкелген жастар облыс әкімі грантын иеленеді. Сондай грантты ұтымды пайдаланып, кәсібін әне-міне ашқалы отырған Әйгерім Асылбекова – солардың бірі.

Жас кәсіпкер Әйгерім Қарағанды облысы әкімінің грантына «халық шығармашылығын жандандырамын» дейді. Ол грант қаражатына «Алтын мұра» кесте студиясын ашуды мақсат еткен.

– Студия ашу идеясы кесте тігуге сүйіспеншіліктен туындады. Мен өзімнің осы сүйікті ісім арқылы көркем дүниені жеткіземін. Байырғы дәстүрді сақтап, оған заманауи идея қосып, жаңа туындыларды жарыққа әкелмекшімін. Кесте тігудің тамырында сұлулыққа құштарлық жатыр, – дейді кестеші қыз.

Жаңадан ашылатын студиясын ұлттық бұйым әзірлейтін шеберхана емес, біліктілік арттырып, тәжірибе алмасатын орталық қылуды да ойластырып отыр.

Бірнеше бағытта жұмыс істеуді көздейміз. Киімге қолмен және іс-машинамен ою-өрнек кестелеп, интерьер заттарын безендіріп, сондай-ақ, үйренгісі келгендер үшін шеберлік сыныптарын өткізу жоспарда бар. Жіп пен матаның өзінен сатылымда мүлдем жоқ бірегей дүние жасауға болады. Студиямызда үйлену тойына арналған ерекше естелік заттар, үйдің сәнін ашатын қолөнер бұйымдарын әзірлейміз, – дейді ол.

Грант иегері алдағы уақытта сапалы өнімнің түр-түрін тігетін, ерекше қолтаңбасы бар шеберлер мен дизайнерлердің басын қосып, команда құрамақшы.

Әйгерімге осы бір ойлағанын іске асыруға облыс әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы ықпал етті. Былтыр жобаға 407 жас қатысып, олардың 25-і жеңімпаз атанған болатын.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Басқа материалдар

Back to top button