Жан жадыратқан «Жайдарман»

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде сатирик Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» атты облыстық дәстүрлі әзілкештер фестиваль-байқауы өтті

Фестиваль екі номинация бойынша өрбіді. Олар «Әзілге толы әңгіме» (stand up) атты жеке қатысушының монологы және «Көңілді тапқырлар» атты жайдарман топтарының командалық сайысы. Алғашқы аталымға 12 жеке орындаушы, топтық сайысқа 13 команда қатысып, бақ сынасты.

– Бұл іс-шараның өткізіле бастағанына 10 жылдан асты. Алғаш форматы бөлек болған. Қазір форматын жастардың талабына сай икемдеп өткізуді қолға алдық. Қатысушылар арасында тәжірибелі әзілкештер мен командалар бар, – дейді облыстық демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығының маманы Еркебұлан Елтай.

Әзілкештер додасында Қазақстан КВН одағының вице-президенті Жомарт Әбіш қазылар алқасына төрағалық етсе, Мартбек Тоқмырзаның бауыры Болатбек Тоқмырза, Жайдарман ойындарының чемпионы Заңғар Әбілжанов, Жайдарман ойындарының облыстық филиалының басшысы Ернат Әбутаев қазылық етті.

Қатысушылардың өнерін бастан-аяқ қарап отырып, риза болған тұсымыз да болды. Керісінше, қарнымыз сәт те жоқ емес. Шыны керек, сатираның не екенін білмейтін жастар да бар. Арасында анайы сөздер де кетіп жатты. Егер, сатираны киелі сахнада анайы сөз айтып, ырбыңдау деп ұқса, жастар қателеседі. Көбінің айтатыны депутаттар және ұсақ-түйек әлеуметтік мәселе.

«Әзілге толы әңгіме» атты номинациясында III орын ауыл туралы әзілі ерекше болған Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылынан келген Нұрбол Шәкәрімовке бұйырды. Ал, II орын қарағандылық Алдияр Егізовтің дінді қатты ұстанатындар жайлы әзіліне берілсе, қарағандылық Қуандық Қадыров («Кука с Майкудука») I орынға ие болды. Оның ұмытшақтық туралы монологы көпті баурады және жеткізуі де әсерлі болды.

«Қуандық бауырым, осы шығарманы өзің жазған болсаң, сатира жанрында ізденіп көруге кеңес берер едім» деді Болатбек Тоқмырза.

Топтық сайыстағы III орын Қарағанды қаласының «Хэт-трик» еркін құрамасына, II орын ептеп ерекшелігімен көзге түскен, ізденісін байқатқан «Ерекше» жайдарман тобына бұйырды. Ал, I орын Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылынан келген Мартбек Тоқмырзаның жерлестері «А-ха-хай» тобына бұйырды. Мектеп оқушыларынан құралған топтың сайысқа алғаш қатысуын ескерсек, жақсы нәтиже. Бас жүлде, яғни, Мартбек Тоқмырза атындағы арнайы кубок һәм республикалық жоғары лигада өнер көрсету мәртебесі қарағандылық «Құрдастар» КВН тобына бұйырды.

Сөз соңында, алдағы уақытта әзілкештердің байқауына қазылық етуге жергілікті сатирик қаламгерлерді шақырса деген ұсыныс айтқымыз келеді. Қазылардың арасында бір сатирик отырса, кәсіби тұрғыдан бағалауда үлес қосар еді. Оның үстіне, жерлес қаламгерлер мен жастардың арасында байланыс орнап, шығармашылық ізденіске бағыт-бағдар берілер еді…

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.