Жалған анықтаманың жолы кесіледі

Алдағы уақытта денсаулығына байланысты уақытша жұмысқа жарамсыздығы туралы анықтаманың ақ-қарасы тексерілетін болады. Бұл жалған анықтама алатын «науқастың» да, берген медицина қызметкерінің де жолын кесуге бағытталған.

Уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтамаларға QR-код қойылады. «DamuMed» ұялы қосымшасы арқылы анықтаманың қай емханадан алынғаны туралы деректерді білуге болады.

Дана БАЙКЕНОВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасы амбулаториялық-емханалық көмекті дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы:

– Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы облыс бойынша «DamuMed» ұялы қосымшасын пайдаланушылар қатары 363 мыңнан асты. Біздің облыс денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша республикада бірінші орында тұр.

Осы орайда, облыстың 126 медициналық ұйымы электрондық форматта жұмыс жасайтындығын айта кеткен жөн. Аймақтың миллионнан астам тұрғынының электронды амбулаториялық картасы бар.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»