АймақБалқаш

«Жайлы мектеп» – жаңа мүмкіндік

Мемлекет басшысының жайлы мектептер салу жөніндегі игі бастамасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Заманауи талапқа сай білім ордасы Балқаш қаласында салынып жатыр. Жоспар бойынша оқу жылының басына дейін аяқталуы тиіс.

Суреттерді түсірген автор

Шағын шаһарда 17 білім беру мекемесі болса, олардың қатарына алдағы оқу жылында тағы бір мектеп қосылады. Бұл ұлттық жоба аясында 8-ші шағынауданда 900 орынға арналған «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Көпшілік күткен мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Мектеп жасындағы балалардың санына байланысты есептелген білім ұясының құрылысын көзбен көріп танысып қайттық. Жұмыс ауқымы үлкен болғандықтан, мердігер бар күшін салуда. Мектептің сол жақ және ортаңғы блогы тұрғызылып, төбесі жабылған. Сылақ жұмыстары жүргізілуде. Оң жақ блоктың іргетасы біткен, қабырғаларын қалау басталыпты.

«Самұрық Қазына» АҚ Қарағанды облыстық филиалының тапсырысымен салынып жатқан мектеп құрылысының мердігері – «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС. Жоба құны – 5 млрд. теңге.

Жайлы мектептің басты ерекшелігі – оқушыларға қазіргі заман талабына сай барлық жағдай жасалмақ. Бастауыш, орта және жоғары сыныптардың әрқайсысына жеке спорт зал, асхана салынады. Жиһаздар «Жайлы мектептерге» арналған арнайы зауыттан алынбақ. Аты айтып тұрғандай, оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай қарастырылатын болады.

Мектептегі құрылыс жұмыс­тарының барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сәуір айының соңында жасаған жұмыс сапары кезінде танысқан болатын. Сол жолы мердігерлердің алдында жайлы мектеп құрылысын бірінші қыркүйекке дейін аяқтау міндеті тұр деп атап көрсеткен еді.

Айта кетейік, бүгінде облыс­та жаңадан ашылатын мектептер болсын, қазіргі мектептер болсын педагогтермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button