Жайдарлы жазғы демалыс
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының қызметкерлері Теміртау қаласының мектеп жанынан ұйымдастырылған жазғы лагерь және жаздық демалыс кезінде бала-бақша балалары үшін түрлі танымдық, оқыту, дамыту ойындарын құрастырған арнайы бағдарлама әзірледі.
Жаз – ең керемет уақыт. Әр бала әрқашан жазғы демалысты асыға күтеді. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз.
Біздің Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы Теміртау қаласының мектептерінің жанындағы ұйымдастырылған екі аусымдық жазғы лагерінің көңілді өтуіне арналған асық ату, бес асық, арқан тарту, қол күресі секілді «Ұлттық ойындар» бойынша сайысты, «Әлем музейлері», «Бақытты балалық сәт», «Қазына іздеу» атты зияткерлік ойындар ұйымдастырды.
Сондай-ақ, мектеп балаларының қауіпсіздігіне байланысты «Сен оны білуге тиіссің!» атты жоба бойынша Теміртау қаласының жол полициясы, жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметі мамандарымен дәрістік кездесулер өткізді. Олардың ішінде, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары да қамтылды. Осылайша лагерьдің әрбір күні сәнді де, мәнді өтуде.
Бұл тұста балалардың демалыстарын тамаша өткізуіне үлес қосқан осы орталық қызметкерлерінің еңбектерін айта кеткен жөн. Себебі, балалардың көңілді демалып жатқандығы жүздерінен көрініп тұрды. Балалардың саналы да сапалы демалуына барлық жағдайлар жасалған. Лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгерген. Көңілді демалыс балалардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізу дәстүрге айналған.
Шынында, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықты әрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді. Балалар, Орталығымыздағы Қарағанды қаласы «Саңыраулар мәдениет үйінің» «Әлемді жүрегіммен көремін» есту қабілеті шектеулі адамдардың көркем және сәндік-қолданбалы өнер көрмесінің ашылуының куәгері болды.
Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Ата-ананың жұмысын алаңсыз тындырып, көз-қуаныштарымен сағынысып қауышатыны да бар. Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!
Ләззат ДИХАНБАЕВА,
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми кызметкері
ТЕМІРТАУ.